ЕРКЕК қырыққа келгенше есі кірмесе – ҚАСІРЕТ

6459
Adyrna.kz Telegram

Өміріңіз тозаққа айналмасын десеңіз, мұндай еркекке жоламаңыз! Ғабит Мүсірепов атамыз «Еркек қырыққа келгенше ес кірмесе – қасірет!» деп дөп айтқан. Ал, мұндай еркектің белгілері қандай? Оны жігіт шағында қалай «тануға» болады? Бұл сұрақтар босаға аттамаған, оң жақта отырған және алғашқы некесі сәтсіз болып екінші рет тұрмысқа шығуды ойлап, жоспарлап жүрген қыз-келіншектерді қызықтырары анық. Осы орайда «Қасірет» еркектің бойындағы белгілерін тануға көмектесетін мына бір әйелдің өмірін шолып шығуыңызға болады.

Сәндігүлдің әңгімесі

«...Қыз бен жігіттің кейбірін сезім қосса, енді кейбірін жасы келген соң балалы және отбасылы болу деген тілек біріктіреді. Менде бұның екеуі де болды, яғни күйеуім екеуміздің арамызда аса керемет сезім болмады, бірақ ұнаттым және қатарластарымның бәрі босаға аттап, ана атанып жатқан соң мен де өмір-пойызынан қалып кетпеуді ойладым. Иә-иә, мен жігіттің келешекте қандай әке боларын зерделемедім. Құрсағыма шарана бітіп, екіқабат екенімді білгенімде, қуаныштан басым айналып, күйеуімнің төбесін көкке жеткізейін деп оны тағатсыздана күткен едім. Күткен кезде уақыт та жылжымай қояды емес пе, сағатқа қайта-қайта қарап, екі көзім есікте болды. Бір кезде күйеуім де келді. Мойнына асылып, көзіне қарап күлімдеймін. «Не болды? Бір нәрсені бүлдірдің бе?» деді күйеуім. «Сен әке боласың!» дедім еркелей. Сіздің күйеуіңіз алғаш әке болатынын естігенде қандай күйде болып еді, есіңізге түсіріп көріңізші, оқырман? Жақсы күйеудің белгісі – ерте үйленсе де, кеш отбасы құрса да, тіпті тоқалы жүкті болса да әке болатынын естігенде қуанады.

...Күйеуім мені көтеріп алып, бетімнен шөлп-шөлп сүйетін шығар деп ойлап едім. Мелодрамалардағыдай қуаныштан сасқалақтап, мені айналып-толғанатын шығар деп күтіп тұрмын. Бірақ, өмір кино емес екен. Киімін ауыстырып жатқан ол «Неге сақтанбадың? Үйленгенімізге әлі бір жыл да болған жоқ, кейін-ақ үлгерер едік қой» деп қабағын түйді. «Үлбіреп тұрған 18 жасар жас қыз болсам мейлі екен, «Өзің әлі баласың ғой, қазір баланы қайтпексің?» дейтіндей. Екеуміздің де жасымыз 25-тен асқан, бұл жас балалы болуға ерте де, кеш те емес меніңше. Неге қуанбайсың?» дедім. Не керек, сол күннен бастап құрсағымдағы бір тамшы балаға бола үйден ұрыс-керіс тыйылмайтын болды. «Бала үшін емес, қазір өзіміз үшін өмір сүрейік. Жасың 30-ға таяғанда бір бала тусаң сол жетеді. Қазір өз басымызды әрең асырап жүрміз, баланы қалай бағамыз?» деп күйеуім жасанды түсік жасатуға итермеледі. Ал, мен «баланы алдырмаймын» деп, айтқанымнан қайтпай отырып алдым. Теріс қарап жұмысыма барып келіп жүре бердім. Сол аралықта күйеуім жұмысынан шығып қалды. Жалпы, күйеуім бір жерде ұзақ жұмыс істеген емес. Әйтеуір сылтауы көп, ең ұзақ үш ай ғана бір жұмысқа тұрақтай алады. Содан кейін бір-екі ай «жұмыс іздеп жатырмын» деп үйден шықпайды... Құрметті оқырман, сіздің күйеуіңіздің ше, жұмысы тұрақты ма? Жақсы күйеудің тағы бір белгісі – ол әйелінің түртпектеуінсіз-ақ өзі жұмыс іздейді. Жұмысынан қысқарып қалса, қара жұмыс болса да істеп, күніне екі нан болса да табады. Әйелінің тапқанына алақан жаю, жүкті әйеліне жұмыс істетіп, өзі үйде жату - ол үшін намыс. Басымызда баспанамыз да жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Менің тапқаным қай жыртығымызға жамау болсын. Ас-ауқат пен пәтерақыға ғана жетеді. Қалт-құлт етіп әрең күнелтіп отырғанымызды көріп, біліп тұрып, күйеуім екі қолын еңбекке қосып, жұмыс істеуді ойламады. Ал, үйде азық-түлік таусылып қалса, «Неге жоқ? Сенің айлығың ешнәрсеге де жетпейді. Бүйтіп жұмыс істегенше, істемей-ақ қойғаның дұрыс», - деп ұрысады. Күйеуімнің соншалықты жалқаулығына таң қаламын. Тоңазытқышты толтырып қойып содан кейін «Неге тамақ дайын емес?» деп діңкілдесе жарасар, ал жұмыссыз үйде жатып «Тек нан алып келдің бе?» деп ұрсатынына не дейсіз. Шындап келсе, мен жұрттың келіншектері секілді екіқабат кезімде «жерікпін» деп еркелей де алмай жүрген жоқпын ба?! Балыққа жерік болсам да оны алмай, ақшаны күйеуімнің наны мен тамағына және темекісіне жұмсап жүргенімді ойлап жатқан ол жоқ. Адам қолы бос болған соң әр нәрсеге ұрына ма, әлде менің күйеуім өзі сондай қай істің де соңын ойламай жасайды ма, әйтеуір жоқ жерден басына бәле тауып алады да жүреді. Жүктіліктің 7-ші айында, өзім қиналып жүргенде күйеуім досының көлігін қала ішінде айдап, бір әйелдің автокөлігін соғып алыпты. Күйеуімнің айтуынша, әйел кінәлі екен. Бірақ, полиция қызметкерлерін шақырайын десе, күйеуімнің жүргізуші куәлігі жоқ. Сондықтан, әлгі әйелдің көлігін жөндетуге оның сұраған ақшасын беруге мәжбүр болдық. Әрине, егер өзі тауып жатса үндемес пе едім. Босанарда перзентханаға қажетті киім, заттар және перзентханадан шыққаннан соң нәрестеге жөргек тағы да басқа керектілерді сатып аламын деп жинап жүрген азын-аулақ ақшам бар еді. Сол ақшаны амал жоқ әлгі әйелге беріп құтылдық. Ал, досы жігіттік танытты, яғни ол біздің қиналып жүргенімізді ескеріп, көлігін өз ақшасына жөндететін болды да «Кейін бірде берерсің» деді күйеуіме. Айтыңызшы, осы жағдайға қалай күйінбейін? Жүргізуші куәлігі болмаса неге рульге отырады, зығырданым қайнады. Бұл бір ғана ісі ғой, бұдан бұрын да, кейін де талай рет жоқ жерден проблема тауып басын салбыратып алдыма келген. «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деген екен бір әйел. Күйінгеннен айтқан екен ғой ол. Жұрттың күйеулері ата-анасын, әйелін, төрт-бес баласын да асырап, тіпті кейбіреулері ажырасқан әйелінен туған балаларына алимент төлеп, көлік те жүргізіп, кең етіп үй де салып жатыр. Ал, менің күйеуім бір қарақан басын аман алып жүре алмайды. «Қасірет» еркектер қателігінен сабақ алмайды. Ол бір қателігін бірнеше рет қайталайды. Босанатын мерзімім жақындап үйде отырғанымда, ішерге тамақ керек, пәтерақыны төлеу қажет, күнде күйеуіме айтып жүріп, әрең орнынан қозғалттым. Жұмысқа шықты. Бір фирмаға тұрмыстық заттарды сауда орындарына, дүкендерге жеткізіп беруші боп орналасты. Істесе, қолынан жұмыс келеді-ақ екен. Бірақ оның бұлай ақша тапқаны құрысын. Қалтасына сәл ақша бітіп еді, сырттан қызық іздей бастады. Бір ажырасқан сатушы келіншекпен әуейі болды... Жаман күйеудің бір белгісі – осы. Өз әйелін тойдыра алмай жатып, басқа әйелді кафеге апарады. Өз келіншегіне гүл сыйлап көрмеген ол көшедегі басқа әйелге сыйлықтар жасайды. Балам екі жасқа толғанша көрген қиындықтарымды айтып жеткізе алмаймын. Сол қиындықтың бәрін күйеуім "тудырған". Әйтеуір балам өсіп жатты. Кейін оны балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шықтым. Баламның бал қылықтары шыққанда күйеуім өзгерер деп күттім. Жоқ, қателесіппін. Жұмысына барып келеді де, демалыс күндері екі күн сыра ішеді. Қысқасы, оның табысы тек өзінен артылмайды және ол ақшасын өзінің рахатына ғана жұмсайды. Сондай-ақ, тән қатынасына барарда үнемі «Көтеріп қойып жүр ме?» деуді ұмытпайды. Жә, бұны қойшы, отбасылымын ғой, үй алуға әрекет жасайын деп ойламайды да. Өмірлік жоспары жоқ. Сәл ақша артылса, оны жұмсағанша асығады. Баламыз есейді. Күйеуімнің жасы 40-тан асқанда мен екінші перзентімді өмірге алып келдім. Бірақ, күйеуіме ес кірмеді. Оның шашына ақ қылау түсіп, сымбаты ғана өзгерген, ал әрнәрсеге ұрынып жүретіні, жалқаулығы, ертеңін ойламайтыны, жауапсыздығы сол күйі екен. Қазақта «Ертеңін ойламаған еркектен без» деген сөз бар емес пе?! Безіп кеткім келеді. Қазір күнде өзіме «Осындай күйеу керек пе маған? Оның маған не пайдасы тиіп жатыр?» деп сұрақ қойдым. Әрине, бір пайдасы үшін адаммен бірге өмір сүрмейсің ғой. Алайда, мәселеңді кемітпесе де көбейтпесе екен дейсің. Үйге кіріс кіргізбесе де шығынға батпаса екен дейсің. Ол керісінше, менің мәселемді күрделендіріп, көбейтіп жүреді. Шыдамым таусылды. Онымен ажырасқым келеді. 40-қа дейін ес кірмеген еркек өзгермейді екен...» Сәндігүл «Адам өзгермейді» дейді. Ал, үлкендер «Еркек үйленген соң және әке болатынын естігенде көбірек табыс тауып, отбасын ойлап, бойдақтық кездегі қыдырысты да, жалқаулықты да тастайды» деп айтады. Бірақ, «Бес саусақ бірдей емес» деген сөз де бар. Сонда қандай жігітке тұрмысқа шығу керек? Өмірлік тәжрибесі мол жеңгелеріміз проблеманы көбейтетін емес, керісінше кемітетін еркекке тұрмысқа шығу керек дейді... (суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Ж. СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер