Ұйғыр мәселесі қазаққа керек пе?!

673

Жаңа мен осында бір досымның парақшасынан Серікжан Біләш деген адамның қасына екі - үш білгіштерді жинап алып ұйғырлардың күйін күйттеп білгішсініп отырғанын көзім шалып қалды.
Бұл (тырнақша ішіндегі) "стратегтер" "ұйғырларды осында алдырайық, бұлармен қытайға қарсы бірігейік" деп көсіліп сілтеп отыр екен.
Жалпы, Қытай үшін "тибет мәселесі", "ұйғыр мәселесі" деген нәрсе - оның ең жанды жері. Ең ЖАНДЫ. Мына "стратегтер" әлде әдейі істей ме, әлде надандығы ма, сол көтенді түртіп ойнап отыр. "Тыныш отқан бүркітті" демекші..
Сіздер осы кезінде (60 жылдары) Қытайдың Тибет үшін Үндістан мемлекетімен ашық жанжалға барып, осы елмен соғысқанын білесіздер ме? Үндістан Қытайдан қашқан тибеттіктерге баспана берген еді, Қытай оған кәдімгідей соғыс салды.
Ал енді осы Үндістаныңыз, миллиардқа жуықтап қалған халқы бар үлкееен аймақтық ядролық держава ғой, соған қарамастан Қытайың оған ат қойды.
Ал енді бүгінде біз кім, Қытай кім? Біз адам саны жағынан Қытайдың Шанхай қаласының санына да жетпейтін мемлекетпіз. Ал әскеріміздің жайы да белгілі... Яғни, піл мен шыбын.
Экономика, басқа жағы да белгілі... Енді осындай жағдайдағы біз, сол ұйғырлардың жоқтаушысы болады дегенге сіз сенесіз бе?
Енді осыны Серікжан деген кісімен, оның қасындағы білгіштері білмейді дегенге ше?
Ендеше бұлардың не көксегені бар? Бұлардың жалпы біздің елімізге деген ниеті адал ма, оны кім білген....
Баяғыда бір биге балаға таласқан екі әйел келеді. Екеуі "бала менікі де менікі" деп тұрып алады. Би қалың ойға шомған соң, "ендеше екеуіңе баланы ортасынан бөліп беремін" деп айбалтасын ала бергенде, бір әйел бетпақтанып "бөлсең бөл" деп бедірейіп тұр екен. Ал екінші бейбақ әйел, "биекем, құлдығың кетейін балаға тие көрмеңіз, қайда болса да аман болсын, менің таласым жоқ" деп азар да безер боп сылқ ете қалса керек. Оны көрген би, "баланың анасы сенсің, ал балаңды" деп бұйырған екен.
Кейде маған күні кеше ғана елге оралып еліміздің азаматтығын алғанына бір - екі жыл ғана болған осы серікжандар, мәселе Қазақ Елінің болашағына, тағдырына тірелгенде сол бедірейген өгей ананың қылығын істейтіндей көрінеді. "Берсең қолыңнан бермесең жолыңнан" деп бір сұмдыққа бастап тепсініп тұрғандай көрінеді осы дүрмек.
Сондықтан құрметті қазағым, елдің болашағына рас алаңдасаңыз, оның тағдырын көлденең көк атты, сұрқылтайларға ұстатып, оның артынан дүрмекке ілесіп шапқылауға асықпайықшы. Тап осы жерде дұрыстап тұрып ойланайықшы, біздің осы Қазақиядан басқа отанымыз да жоқ, арандап қалмайықшы ағайын, мен сенбеймін бұларға.

 

 

Олжас ӘБІЛ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер