Белгілі қазақстандық дәрігер Күлән Омарова өмірден өтті

1854
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың белгілі дәрігері, профессор Күлән Омарова дүниеден өтті. Қазақстанның онкогематологиялық қызметінің негізін қалаушы 81 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігердің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

«Күлән Омарқызы медицина қауымының, көптеген студенттерінің, әріптестерінің жадында жарқын, ерекше тұлға, өз ісінің орасан зор жанашыры ретінде қалды. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің атынан жүздеген, мыңдаған балалардың өмірін сақтап қалған ұлы дәрігер ретінде қалады және жеке өзім Күлән Омарқызының барлық жақындарына, туыстарына шын жүректен көңіл айтамын, оның балалар онкогематологиясы ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі, ғылыми еңбектері, жас мамандарға берген тәжірибесі мен білімі ұзақ уақыт бойы қызмет ететініне сенімдіміз», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Күлән Омарова 1944 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келді. Алматы облысы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында дәрігер, ауданы дәрігер-педиатр (1967–1970), Мәскеу қаласындағы КСРО Медицина ғылымдары академиясының Педиатрия институтында аспирант (1970–1973) Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында кіші, аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы (1973–1981), институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1981–1988) болды. Республика балалар онкогематологиясы орталығының директоры (1989) қызметтерін атқарған.

130-дан астам ғылыми жарияланымның авторы.

 

Пікірлер