“Құдайдың рөлін ойнауға көшіпті”. Сатыбалды шеруге шыққан аниматорларға жауап берді

1670
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Азамат Сатыбалды Instagram парақшасында өзіне қатысты өткізілген шеруге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Киностудия басшысы бұл әрекетті аяқтан шалу деп есептейтін көрінеді.

“Ей, пендем. Ер жігіттің бабын алсаң да, басындағы бағын ала алмассың. Соны ұмытпа. Жала жабу. Аяқтан шалу. Жұмыс жасатпау. Көре алмаушылық. Бір-екі күнде мақалам шығады. Толық жауап сол жақта болмақ. Аллаға аманат”, – деп жазды Азамат Сатыбалды.

Айта кетейік, «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері бір жылдан бері еңбекақыларын ала алмай, наразылық шеруге шыққан. Аниматорлардың қара терге батып бірнеше жыл бойы істеген туындыларының бірі — «Алтын адам» атты толық метрлі мульт жобасы былтыр толық аяқталыпты. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген.

Азамат Сатыбалдының желідегі парақшасына жариялаған мәлімдемесіне Қазақ анимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай пікір білдірді.

“Ей, пендем", – деп азаланыпты Азамат Сатыбалды, – алдыңкүні журналистер келгенде тығылып қалған кабинетінен енді Құдай болып күңірене сөйлеп.

Актерлігінде шек жоқ екен шынында, алдында ғана аниматорлар келіп ақырып теңдік сұрағанда қайда тығыларын білмей,  күйкі пенденің күйін кешкен Азамат енді Құдай болып күңіреніп отыр. О, тоба, Ахмет Байтұрсынов, Мұқағали Мақатаев образдарын өлтіріп сомдап тастаған соң, енді Құдайдың рөлін ойнауға көшіпті. Бұл жөнінен адамзат тарихында Құдай рөлін сомдаған тұңғыш актерсің, Азаматжан”, деп жазды Ерлан Төлеутай.

Желі қолданушысы Данияр Жетімеков те Азамат Сатыбалдының нақты сұрақтарға жауап беруін қалайды. 

“Ей, пендем” несі?! Шариғатпен, пайғамбар сөзімен жауап бергені қай сасқаны? Ресми жауап қайда? Ақша қайда? Елдің жалақысы қайда? Қазақфильмнің тұрақтарында Қытай көліктері нестеп тұр? Сонда дүйім елдікі қате де, шалақазақ орынбасары екеуінікі дұрыс па? Бұны не дін, не жын иектеген”, деп жазды ол.

Пікірлер