Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының алдында анимация саласының мамандары жиналып, басшылықтан қорлық көргенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жиналғандардың сөзінше, студияның уақытша басшысы Айдар Омаров анимациялық бөлімді Астанаға көшіру туралы шешімді қызметкерлерге ескертпестен қабылдап жіберген. Ал аниматорларды «Қазақфильм» аумағына мүлде кіргізбей қойған. Ерлан Төлеутай оқиға орнынан бейне жариялады.
«Қазақ ұлттық анимация өкілдері, бірнеше буын өкілдері, суретшілер, продюссерлер, режиссерлер, жеке студиялардың өкілдері бар. Қазақ фильмнің алдына жиналып отырмыз. Бірден айтып кету керек бұл ереуіл емес. Жиналған себебіміз — «Қазақфильмнің» президенті міндетін уақытша атқарушы Айдар Омаров деген кісінің мына қазақ анимация шығармашылық бірлестігін жауып, оны Астанаға көшіремін деген шешімі. Бұл кімнің шешімі? Айдар Омаровтың шешімі ме? Әлде Айдар Омаров айтқандай министр Аида Балаеваның шешімі ме? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп келдік», — бейнежазбада бір ер адам осылай назын айтқан.
Наразы анимация қызметкерлерінің сөзінше, «Қазақфильмнің» басшылары келісімшарттарды елемеген.
«Қаншама мамандар тұр?!. Барлығы анимация өкілдері барлығы осымен күн көріп жүрген, анимацияға жаны ашитын адамдар осы жерде жиналып отыр. Астанада емес, Алматыда. Жұмыс әлі басталмады. Қаражаты, жоспары, келісімшарт, құжаттары бәрі дайын. Бірақ өкінішке қарай міне жұмыс басталар емес. Міне ұжым болып Айдар Омаров деген кісіні шақырып сұрақ қояйын деп отырмыз. Сол сұрақтардың бүгін жауабын алмай кетпейміз», — деді ер адам.
Киносы шетелдік байқаудан үш бірдей жүлдені алған режиссер Елзат Ескендір де сөз сөйлеген.
«Мінекей, «Қазақфильмнің» уақытша басшысы Айдар Омаров бастаған «саботаж» міне бір жыл боп қалды. Әлі жалғасуда. Бұл Айдар Омаров деген уақытша басшы киногерлердің қанын ішуде. Біздің еңбек құқығымызды таптауда. «Самовольно» іс қылуда. Ойына келгенін істеуде. Осындай «беспредел», былайша айтқанда «Қазақфильм» қазір «бандитизмнің ошағына айналып отыр. Өйткені олар ойына не келсе соны істейді. Айырам десе, жұмыстан айыра салады. Мынау тұрған еліміздің жас буын суреткерлері. Аниматорлары, режиссерлері, мына арбаға таңылып отырған режиссер апамыз біздің. Әмен Қайдаровтың замандастары. Олар бүгін Әмен Қайдаровтың қара шаңырағын Астанаға мұндай бандиттің жолмен көшіріп әкетуіне қарсы. Біз бәріміз қарсымыз! Аида Балаева, мына Айдар Омаров атты орынбасарыңды алып кет бізден! Құтқар біздің «Қазақ фильмді»! Құтқар біздің анимацияны мына сұмдықтан!», — деді Елзат Ескендір.