Шымкентте әкімдік жиналысы кезінде антикор ұстап әкеткен шенеунік сот алдына келді

1411
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте әкімдік жиналысы үстінде тұтқындалған экс-шенеунікке қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы "Otyrar.kz"-ке сілтеме жасап.

Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған Азат Момынов бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша экс-шенеунік қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаражатты ұрлаған деп күдіктелуде. Айыпталушылар келтірген залалдың болжамды сомасы – 120 милиион теңгені құрап отыр. Бүгінгі сот процесінде айыпталушы тарап өзін түсіруге рұқсат бермеді. Ал олардың қорғаушылары әділ соттан үмітті.

"Тікелей әкімнің алдында өтіп жатқан жиында ұстап алып кеткен еді. Бұл сол кезде қоғамдық резонанстар тудырды. Қоғамдағы пікір 2-ге бөлінді. Біз бүгінгі оларды өте бір үлкен қателікке орын алдырды деп ойлаймыз. Алдын ала "осылай болады" деп айту өте қиын. Өзіңіз біліп отсыз, бұл жағдай үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Ал, қоғамдық резонанс туындаған қылмыстық істерде ақталып жатқандар шамалы", - адвокат дейді Шымырбай Ағабеков.

Бүгінгі тыңдалымда қорғаушылар қылмыстық істі қайта қарау үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Алайда сот айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады.

Аинель Орақбаева, Шымкент қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы:

"Қорғаушы Махановтың қылмысты істі ҚПК 323-бабына сәйкес прокурорға қайтару туралы өтініш хаты қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы шағым жасауға немесе прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер, аппелияциялық шағым, прокурордың өтініш хатында немесе сот актілерінің касациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш хаты енгізілуі мүмкін".

Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" дерегі бойынша кінә тағылып отыр. Ал Азат Момынов бұл баппен қатар, 218 бап, яғни "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру" бойынша да тергеліп жатыр. Ал соттың келесі отырысы 23-ші шілдеде өтеді деп жоспарлануда.

Пікірлер