Шымкент қаласында тарихи-мәдени кешен "Шымқала" қараусыз қалып, тозып барады. Бұл нысан небәрі төрт жыл бұрын салтанатты түрде ашылып, оның құрылысына мемлекеттен шамамен 3 миллиард теңге бөлінген болатын. Алайда қазіргі жағдайы туристер мен қала тұрғындарының көңілін қынжылтып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Кешен атауының өзі – "Шымқала" – көне қала орнына салынғанын меңзейді. Археологтар бұл жерде ежелгі құрылыс қалдықтарын тапқан. Алайда заманауи құрылыс сапасы көңіл көншітпейді. Қабырғалардан плиткалар түсіп, аллеялар арамшөпке толып кеткен, ал сыртына жағылған сәндік қабаттар кетіліп, кешен жүдеу күйге түскен.
Кешенге келушілерден 1000 теңге көлемінде кіру ақысы алынады. Бірақ ол қаржы да инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталмай отыр. Қазіргі таңда этноауыл толық жабылып, бұрынғы юрталар мен ағаш әткеншектер шетке жинап тасталған күйде шаң басып жатыр.
Кешен директоры Жандос Құрбанның айтуынша, басты мәселе — құжаттардың жоқтығында.
"Кешеннің жалпы ауданы 4,5 гектарды құрайды. Бірақ бізде тек жерге қатысты мемлекеттік акт қана бар. Қабылдау актісі жасалмаған болуы мүмкін, сондықтан жаңа салынған және қайта қалпына келтірілген нысандардың ешқайсысында құжат жоқ", — деді ол.
Әкімдік өкілдері биыл кешенге қатысты құжаттарды ретке келтіруді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Алайда құжаттарсыз күрделі жөндеу жұмыстарын бастау мүмкін емес екенін алға тартты.
Айта кетейік, бұл жағдай жалғыз емес. Бұған дейін Түркістан облысындағы тарихи нысан — Ақбикеш мұнарасы да реставрациядан кейін құлап түскен болатын.