Тұңғыш франчайзер - Зингер

817
Adyrna.kz Telegram

Тігін машинасын жетілдіруші және оны бизнеске айналдырған өнертапқыш-кәсіпкер. Тарихтағы тұңғыш франчайзер. Оның тігін машинасына Махатма Ганди «Адам қолынан сирек шығатын пайдалы бұйымдардың бірі» деп баға берген.

Айзек Зингер 1811 жылы қазан айында АҚШ-тың Питстаун қаласындағы еврей отбасында дүниеге келген. Ол 12 жасқа толғанда жергілікті шеберхана мен құрал-жабдық сататын дүкенде жұмыс істейді. Алайда ол жерде де ұзақ тұрақтамайды: жергілікті театрға актер болып ауысады. Үнемі іссапарда жүретін театр ұжымы да Айзек Зингердің бағын ашпады. 20 жасқа жеткенде актерлікті тастап, Эри каналын қазып жатқан кәсіпорынға қара жұмысшы болып жегіледі. Қазба жұмысының ауырлығы жас жұмысшыны ізденіске түсірді. Ол жатса, тұрса да жұмыс процесін жеңілдететін технология жасап шығаруды ойлайды. 1839 жылы шығармашылық ізденісі жемісін беріп, тау жыныстарын бұрғылайтын машинаға патент алады. Жаңалығын «IM канал қазушы компаниясына» 2000 долларға сатады. Бұдан бөлек ағаш кесетін және өңдейтін станок ойлап тапқанымен, одан айтарлықтай табыс көре алмады. Түскен ақшаға жаңадан театр ашып, труппа жинап баяғы әртістік жолына қайта түседі. Арада тағы бес жылдай уақыт  өткен соң, Айзек Зингер актерлікпен біржолата қоштасады.

Ізденімпаз жігіт ендігі кезекте Нью-Йоркке келіп, типографияға қарапайым жұмысшы болып орналасады. Мұнда да терім машинасын жетілдірудің жолын іздеп терең ойға түседі. Шағын шеберхананы жалға алып, машинаның үлгісін жасағанымен, ісін ақырына дейін жеткізе алмайды. Шеберханада кенеттен жарылыс болып, үлгісі де, құрылғылары да өртеніп кетеді. Бастаған жұмысын ары қарай жалғастыру үшін, тігін машиналарын сататын Элиас Хоу есімді кәсіпкердің шеберханасын жалға алады.

Айзек Зингер жаңа орынға көшіп келгенде, шеберханада бұрыннан тұрған көне тігін машиналарына көзі түседі. Ол енді типографиялық машина туралы ойынан бас тартып, шеберханада тұрған ескі-құсқы тігін машиналарын жетілдірудің қамына кірісті. 10 күнге созылған қажырлы еңбектің нәтижесінде Зингер шеберханадағы тігін машинасына жаңадан үш жаңалық енгізеді: біріншіден, жіпті жиі шатастырмау үшін, жазық қалқанды горизонтальды түрде орналастырады, екіншіден, матаға ыңғайлы болу үшін тігін машинасын ағаш үстелдің үстіне бекітеді және машинаның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында инені ұстап тұратын пышақ тәріздес жұқа тетік жабыстырады, үшіншіден, тігін машинасын қозғалысқа түсіріп отыру үшін, оның астына аяқ басқыш орнатады. Аяқ басқыштың арқасында екі қол бірдей босап, матаны қос қолдап ұстауға мүмкіндік туады.

Айзек Зингер жаңа тауарды құрастыруға достарынан қарызға алған 40 долларын жұмсайды. Ол 1851 жылы жаңалығын патенттеген соң, «I.M. Singer & Co» кәсіпорнын құрады.  №1 тігін машинасын шығарып, оны 100 долларға сатады. Бұл алғашқы тауардың сатылымынан түскен қаржы тек шығындарды жауып қана қоймай, сонымен бірге кәсіп иесіне табыс әкелген тарихтағы тұңғыш оқиға еді. Мамандар Зингердің алғашқы сауда операциясына осылай деп баға береді. Дәл осы сәттен бастап өнертапқыш-кәсіпкердің алдынан кедергілер пайда бола бастайды. Шеберхананың қожайыны Элиас Хоу Зингерді сотқа беріп, тігін машинасына менің де жаңалығымды пайдаланды деп айыптайды. Соттың ұйғарымы Элиас Хоудың пайдасына шешіліп, Айзек Зингер сатудан түскен  пайданы онымен бөлісуге мәжбүр болады.

Тігін машинасының патенті де басқа технобұйымдардың патенті тәрізді даулы тақырып болып есептеледі. Ең алғашқы тігін қондырғысы XIV ғасырда Голландияда жасалыпты. Голландықтар оны кеме желкенін тігуге қолданған екен. Қондырғы тым үлкен және ебедейсіз болған. Оны құрастырған адамның да аты тарихта сақталмапты. Ғалымдар тігін машинасының алғашқы сұлбасын XV ғасырдың соңында Леонардо да Винчи сызып ұсынғанын айтады. Бірақ ол сызба тәжірибеде де, тұрмыста да жүзеге аспаған. Алғашқы патент 1755 жылы ағылшын шаруасы Чарльз Вейзентальға тігін машинасының инесін жаңартқаны үшін беріледі. Одан соң 1790 жылы тағы бір ағылшын азаматы Томас Сент етік тігуге арналған машинаны патенттеп алады. Алайда бұл екі идея да тұрмысқа енбей қағаз жүзінде қалған екен. 1880 жылы Томас Сенттің схемасы бойынша тігін машинасын құрастыруға талпыныс жасалғанда, оның сызбасын әлі де жетілдіру керек екеніне көз жеткізілді. 1810 жылдар шамасында Бальтазар Кремс есімді неміс өнертапқышы бас киім тігетін машина құрастырғанымен, оны өз атына патенттемеген. Австриялық тігінші  Джозеф Мадерспергер XIX ғасырдың басында біраз механизмдерді жинастырып, тігін машинасын құрастырады, оған 1814 жылы патент алады. Ол жаңалығын Австрия үкіметінің көмегіне сүйене отырып, 1839 жылға дейін пайдаланады. Бірақ ісін толық аяқтай алмай өмірден өтеді.

1804 жылы Францияда екі тігін машинасы патенттеледі: біріншісі Томас Стоун мен Джеймс Хендерсон атына тіркелген қарабайыр тігін машинасы, екіншісі, Скот Джон Дункан атына жазылған көп инелі, кесте тігуге арналған тігін машинасы. Өкінішке орай, ол технобұйымдардың кейінгі тағдырлары туралы мәлімет жоқ. 1830 жылы француз үкіметі Бартоломи Тимоньеге патент беріп, оған әскери киім тігуге арналған тігін машиналарын дайындауға тапсырыс береді. Сол тапсырыстың негізінде 80 машинасы бар шағын фабрика құрылады. Қол еңбегімен күн көріп жүрген тігіншілер наразылық ретінде көтеріліс жасап, кәсіпорынды машиналарымен қосып жойып жібереді. Тимонье тігін машинасының үлгісін ғана арқалап, Англияға қоныс аударады, сол жақта киім шығаратын жаңа фабрикасын ашады. Алайда бизнесі күйіп кетіп, өзі 1857 жылы қайыршылықта жүріп қайтыс болады. 1833 жылы америкалық квакер Уолтер Хунт тігін машинасының жаңа түрін ойлап тапқанымен, ол машина матаның аз ғана бөлігін тіккеннен соң тоқтап қалатын еді. Оның отандасы Джон Гриноуг бұл үлгіні жетілдіріп, қалталы магнаттарға ұсынғанымен, олардың ешқайсысы Гриноугтің машинасына қызығушылық танытпады. Америкалық механик Элиас Хоудың 1845 жылы  патенттеп алған тігін машинасы алдыңғыларымен салыстырғанда тәуір болғанымен, киім-кешектерді өте баяу тігетін, жіпті шатастырып ала беретін кемшіліктері болды. Хоудың шеберханасына кенеттен тап болған алғыр, пысық, тапқыр  Айзек Зингер бұл кемшіліктерді жойып, жаңа бизнестің базасын қалыптастырды.

«I.M. Singer & Co» кәсіпорынның құқықтық мәселелерінен бөлек нарықтық кедергілерде төбе көрсетеді. Тауардың қымбаттығы сатып алушылардың санының өсуіне тежеу болды. «I.M. Singer & Co» кәсіпорнының тігін машиналарын тек бірлі-жарым тігін цехтары мен фабрикалар ғана сатып алды. Тұтынушылар біріншіден тауарды қымбатсынса, екіншіден киім-кешектер мен үй жабдықтарын қолмен тіге салуды жөн көретін. Ал фабрикалар мен цех қожайындары арзан жұмыс күшіне сүйенетін.

Зингер бұл тығырықтан шығатын жолды да тапты. Ол Уильям Кларк атты инвесторды тауып, тігін машинасы өндірісінің табысты сала екеніне оның көзін жеткізеді. Театрлар мен шіркеулерге жиналған халыққа тігін машинасының суреті мен түр-сипаты жазылған  жарнама-парақтарын таратады. Сонымен қатар кәсіпорын өндірісіне өзгеріс енгізіп, бұдан былай тігін машинасы ұсақ-түйек бөлшектерімен, асай-мүсейлерімен бірге сатылымға түседі. Тұтынушылар тігін машинасы бұзылған жағдайда оны қоқыс жәшігіне немесе жөндеу цехына қарай тасымай, үйінде отырып сынған тетіктерін ауыстырып, өз бетінше жөндей беретін  мүмкіндікке ие болды.

1863 жылы «I.M. Singer & Co» кәсіпорны «Singer Manufacturing Company» болып қайта құрылады. Айзек Зингер тұтынушылардың көңілін табу үшін осы күні кез келген кәсіпорын қолданып жүрген әдіс-амалдардың алғашқы қадамдарын жасайды. Тігін машинасын лизингке беріп, ай сайын өтемақы алу арқылы сатып өткізді. Ол АҚШ-тағы біраз дистрибьюторларға тігін машинасын сатуға және жөндеуге құқық беріп, франчайзинг жүйесін алғашқы болып енгізді. Сондықтан тарихшылар оны тарихтағы тұңғыш франчайзер деп есептейді. Айзектің инноваторлық қарқыны мұнымен шектеліп қалмады. Корпорацияның менеджментіне жіті назар аударып, Инсли Хопперді «Singer Manufacturing Company»-дің президенті етіп жалдайды. Инсли Хоппер Айзек Зингердің корпорациясын Америкадан тыс жерлерге танытып, Шотландияның Глазго қаласынан «Singer Manufacturing Company»-дің филиалын ашады. Мультұлттық корпорацияға айналған компанияның жыл сайынғы өндіріс көлемі 20 мың данаға өседі. Айзек Зингер 1875 жылы 64 жасқа таянған шағында қайтыс болады. Дәл сол жылдары оның компаниясындағы тігін машиналарының жылдық сатылымы 200 мың данаға жеткен еді.

Түйін

Айзек Зингердің абыройын асқақтатып, ісін оңға бастырған техника саласындағы өнертапқыштық қасиеті мен коммерция саласындағы инноваторлық қабілеті болатын. Тігін машинасының дүниеге келуіне көптеген адамдар еңбек сіңірсе де Айзек Зингердің есімі елдің есінде «Тігін машинасының каролі» ретінде сақталып қалды. Оның тігін машинасы бүгінгі таңда әлемнің 67 мемлекетіндегі 100 миллионнан астам қожайынға қызмет етіп жатыр.

 

Пікірлер