Аудандық мәслихаттың төрағасы 300 мың теңгеге кресло сатып алмақ

897
Adyrna.kz Telegram
Фото: goodandgreenguides.com
Фото: goodandgreenguides.com

Жетісу облысы, Кербұлақ аудандық мәслихаттың төрағасы 300 мың теңгеге кресло сатып алмақ, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

5 шілде күні "Кербұлақ аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі satypalu.gov.kz сайты арқылы "Басшыға арналған ағаш жақтаудан, таза былғарыдан қаптап жасалған, реттелетін кеңселік кресло сатып алу" деген тақырыппен тендер жариялаған. Аудандық мәслихат бір ғана бастық креслосының құнын 300 мың теңгеге бағалаған. Мемлекеттік сатып алу жеңімпазы 15 шілде күні анықталады.

Жеңімпаз компания қымбат креслоны келісім шартқа қол қойылған күннен кейін 15 күн ішінде Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы, Б.Момышұлы көшесі, 10 үйге жеткізуі тиіс.

Кеңсе креслосының биіктігі 130 см-ден, ені 60 см-ден, тереңдігі 60 см-ден, максималды жүктеме салмағы 250.0 келіден кем болмауы керек. Әрине, мәслихат төрағасының салмағының қанша тартатынын білмейміз, десе де өздігінен "мәслихатқа 250.0 келіні көтеретін табандарында жылжымалы дөңгелектері бар бастық орындығы не үшін қажет?" деген сауал өздігінен туады.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы басшы креслоларының бағаларын да қарап шықтық. Олардың жалпылама құны 100-150 мың теңгеден аспайды екен. Жалпы, басшының жайлы орындығын екі есе бағасына сатып алу қаншалықты орынды іс?

Бұл сұрақты тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты да қосымша жариялайтын боламыз!

Ақан Бірлік

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер