Ақтөбеде балалардың бетіне бұрыш баллонын шашқан жасөспірім қамауға алынды

1276
Adyrna.kz Telegram
Фото: attackstop.com
Фото: attackstop.com

Балалардың бетіне бұрыш баллонын шашқан жасөспірім екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жасөспірімге екі бап бойынша айып тағылғаны мәлім болды.

10 шілде күні баллон арқылы балалардың денсаулығына зиян келтірген 16 жастағы жасөспірім мамандандырылған тергеу сотына әкелінді. Қамауға алынған сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат түскен.

Мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметі жасөспірім мас күйінде басқа кәмелетке толмаған баланың кроссовкасын ұрлап, оған 16 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтіргенін хабарлады. Осыдан кейін жасөспірім бұзақылық ниетпен балалардың бетіне бұрыш балонын шашқан. Мұның бәрін өзі видеоға түсіріп отырған көрінеді. Сотта жеткіншектің елден тыс жерде жасырынбақ болғаны, бірақ Батыс Қазақстан облысының аумағында ұсталғаны айтылды.

"16 жастағы жасөспірім басқа елдің азаматы болып шықты, сот ол бостандықта жүргенде қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін қылмыстық қудалау органы мен соттан жасырынуы мүмкін деп шешті. Оған қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - делінген сот материалында.

Пікірлер