Фортепьяно шебері Генри Стейнвей қалай байыды?

1291
Adyrna.kz Telegram

Генри Стейнвей мен оның балалары – фортепьяно құрастырумен айналысқан және ұсталықтарын бизнеспен ұштастырған кәсіпкерлер. «Steinway & Sons» корпорациясының негізін қалаушылар. Қолдан құрастырылған музыкалық аспаптарды сату арқылы өнегелі бизнесмен бола білген азаматтар.

Генрих Штайнвег 1797 жылы ақпан айында Германияның Вольфсхаген аймағындағы Гарц ауданында тұратын орман қорықшысының шаңырағында дүниеге келеді. Ол жанұядағы 12 баланың ең кенжесі болды. Наполеон соғысымен тұспа-тұс келгендіктен, Генрихтің балалық шағы бақытсыз өтті. 1806 жылы әкесі мен үлкен ағалары Наполеон Бонапартқа тойтарыс беру мақсатында Пруссия әскерінің қатарына алынады. Пруссия әскері тас-талқан болып жеңіліп, Генрихтің әкесі мен ағалары хабар-ошарсыз кетеді. Гарц ауданы француздардың қолына өтіп, Генрихтің анасы, кіші ағалары, әпкелері ауылдастарымен бірге тауға қашады. Таудағы аштық пен аяздан Генрихтің анасы, кіші ағалары, бір әпкесінен басқалары түгел қырылады. Тірі қалған жалғыз әпкесі бір жауынгерге күйеуге шығып кетіп, 8 жасар Генрих жалғыз қалады. Арада біраз уақыт өткенде соғыс кезінде жоғалып кеткен әкесі мен екі ағасы үйлеріне оралады. Әкесі орман қорықшысы болып баяғы жұмысына қайта жалданады, ал балалары оған көмекші болып жүреді. Күндердің бірінде сұрапыл дауыл тұрып, найзағай ойнап күн райы бұзылғанда, әкелі-балалы отбасы ормандағы ағаш үйлеріне барып тығылады. Алайда үй де оларға пана болмады. Найзағайдың отынан жанып кеткен үйдің өртінен 15 жасар Генрих қана аман шығады. Бала Штайнвег жалғыздықтың азабын қайта тартады.

1815 жылы 18 жасында Брауншвейгтегі полкка алынып, атақты Ватерлоо шайқасына қатысады. Музыкаға ебі бар Генрихтің шайқасудан бөлек, оркестр мүшесі ретінде тағы бір міндеті болды. Оркестр мүшелері соғысуға кіріскен жауынгерлерді өздері қан майданға кіргенше дауылпаз салтанатты музыкамен рухтандыруға тиісті еді. Өзі жасаған сырнайды мойнына ілген Генрих қанды шайқаста қарсы жауы кездескенге дейін аспабын сырнайлатып жүрді. Дұшпаны тақағанда сырнайын тастап, оған суық қаруымен ұмтылатын. Ватерлоо шайқасы жеңіспен аяқталғаннан соң, Генрих Штайнвег «Ержүректілігі үшін» медалімен марапатталады.

Соғыстан соң Генрих бос уақытын жиһаз жасауға, ағаш ұсталығына арнады. Соғыс кезінде тастамаған өнерін бейбіт заманда тастасын ба, мандолина, цитр және тағы басқа музыка аспаптарын дайындаумен айналысады. Шіркеуде органшы болады. Әскери қызметін өтегеннен кейін, Гослар қаласындағы үрлемелі музыкалық аспаптар жасауды үйрететін шеберханада кәсіби білімін жетілдіреді. Алайда ол жерден 1 жылдан соң кетіп қалады.

Генри Стейнвей фортепьяноның бөлшектерін дайындап жатыр

Сол замандағы кәсіподақ, антимонополиялық комитет, қауіпсіздік қызметтерін қоса атқаратын ағаш ұсталары гильдиясының (одағының) жарғысы бойынша 10 жыл білім алған (5 жыл оқушы болған, қалған 5 жылда ұстаның жәрдемшісі болған) ұстаға ғана жеке шеберхана ашуға рұқсат берілетін. Жарғы Генрих Штайнвегтің жеке ұстаханасының құрылуына кедергі бола алмады. Өйткені гильдия жарғысы жиһаз, есік, терезе, терезе қақпағын, сурет жиектемелерін, есік-терезенің жақтаулары мен маңдайшаларын және тағы басқа ағаш бұйымдарын дайындайтын ұсталарға арналған еді. Ал Генрих құрастырғалы жүрген орган гильдияның тізімінде жоқ болып шықты.

Генри Стейнвей мен оның балалары

1825 жылы Штайнвег алғашқы фортепьяносын құрастырып, оны болашақ жары Юлиана Таймерге сыйға тартады. Екеуі сол жылы отау құрып, болашақта 6 ұл 3 қызды дүниеге әкеледі. Ол балаларын да фортепьяно жасауға баулиды. Он жыл бойы аспап жасаудың қыр-сырын толық ұғып алғаннан кейін, 1935 жылы Зезен қаласында «H.Steinweg» фирмасын құрып, алғашқы фортепьяносын құрастырады. Генрих Штайнвегтің француздарға қарсы соғыстағы ерлігін білетін Брауншвейг герцогы оның фортепьяносын 300 маркаға сатып алады. Бұл аспап Нью-Йорктегі өнер мұражайында әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Герцогпен болған сауда «H.Steinweg» кәсіпорнына жақсы жарнама болып, Генрихтің Зезенде құрастырған пианино мен рояльдарының саны 482-ге жетеді.

Бірақ Зезен Штайнвегтерге құтты мекен болмады. 1848-1849 жылдары Германияда революциялық толқу туып, саяси дүрбелеңге қатысы бар деген күдікпен Генрих Штайнвегтің ұлы Карл да жергілікті биліктің қуғынына ұшырайды. Карл Штайнвег Америкаға қашып, сол жақтан отбасымен хат алысып тұрады. Әкесіне жазған хаттардың бірінде ол Американың тыныс-тіршілігі туралы жылы пікір білдіріп, ата-анасы мен бауырларын сонда көшіп келуге шақырады. Жасы 53-ке келген Генрих Штайнвег туған жеріне үлкен ұлы Теодорды ғана қалдырып, қалған бала-шағасын ертіп, Нью-Йоркқа қоныс аударады.

«Steinway & Sons» компаниясының шеберханасы

Ол заманда АҚШ-та 600 мыңға жуық неміс отандастары өмір сүріп жатса да, Штайнвегтер отбасына бөтен елдің ортасына бейімделу қиынға соқты. Келе сала жеке кәсіпорын ашуға мүмкіндік болмады. Америкадағы жұмысшылар жиі-жиі ереуілге шығып, экономикалық қиыншылық болып жатқан заман еді. Жанұяның әр мүшесі әр жерде жұмыс істеді. Жұбайы мен қыздары мектепте музыкадан сабақ берсе, Генрихтің өзі біреудің фортепьяно жасайтын фирмасында аспаптың бөлшектерін жинап беруші болып қызмет етті. Жаңа ортаға бейімделу үшін, бірінші кезекте Генрих АҚШ-тағы жолдастарының ақылымен аты-жөнін америкаландырады: атын Генри, фамилиясын Стейнвей деп өзгертеді. 1853 жылы бала-шағасымен бірігіп, «Steinway & Sons» компаниясын құрады. Алғашқы құрастырылған рояльға 483 нөмірі беріліп, рояль 500 долларға сатылады.

Фортепьяно өндірісін жандандыру қыруар еңбекті қажет етті. Бір Нью-Йорк қаласында сол кезде пианино мен рояль дайындайтын 250-ге жуық кәсіпорын бар еді. Барлығының фортепьяно жасау әдістері ұқсас болатын. Дерлігі аспаптың сапалылығын арттыру үшін, ағаш таңдау мен декалар шығаратын үндердің анықтығына баса көңіл бөлетін.

Стейнвей фортепьяно өндірісі мен нарығын саралай келе, кәсіпорнының дамуына серпіліс беретін жаңалығын енгізеді. Ол музыкалық аспаптарына шойыннан жасалған декалар пайдаланды. Шойын декалар ішектің ұзындығының артуына және оның қаттырақ созылуына мүмкіндік берді. Бұл жаңалық Стейнвей құрастырған фортепьяноны дәстүрлі фортепьянолардан ерекшеледі. Шойын декалар орналастыру идеясы Стейнвейге дейін айтылып жүргенімен, ол тың жаңалықты басқаша қолданды. Генри Стейнвей жуан ішекті басқа бәсекелестері сияқты қалған ішектермен паралель емес, оларға диагональ қойды. Кішкене балғашықтардың салмағын ауырлатып, екпінді соққылардың тууына жағдай жасайды. Рояльдің артқы жағындағы қалыптарды ортасына қарай жылжытады. Стейнвейдің бұл инновациясы бүгінгі таңға дейін дыбыс тазалығы мен үн сұлулығының эталоны болып келеді.

1859 жылы «Steinway & Sons» кәсіпорнының жылдық өндіріс көлемі 500 фортепьяноға жетеді. Алпысыншы жылдардың аяғында бұл көрсеткіш 1800 музыкалық аспапқа дейін ұлғаяды.

Компанияның тыныс-тіршілігі өрлеп жатқан тұста жасы 70 жасқа таяған Генри Стейнвей ауыр қайғыға душар болды. Үлкен ұлы Карл сүзектен, кіші ұлы Генри (оның да аты Генри) туберкулезден көз жұмады. Қазаның ауыртпалығынан Генри Стейнвей «Steinway & Sons» компаниясын басқарудан қалады. Оның ұлы Уильям кәсіпорынды жалғыз басқару қиын екенін түсініп, Германиядағы ағасы Теодорды АҚШ-қа шақырады.

Стейнвейлер отбасы өндірістерін үнемі жетілдіріп отырды. XIX ғасырдың соңына дейін олар фортепьяно құрастыру ісі бойынша 114 патент иеленеді. 1870 жылы Гамбург қаласынан компанияның бөлімшесі ашылып, ол жерден орыс, герман, ағылшын патшаларының және түрік сұлтандарының сарайларына фортепьяно жеткізіліп отырды.

1871 жылы әкесі өлген соң, корпорацияның тізгінін ұстаған Уильям Стейнвей әйгілі музыканттардың концерті мен гастролін қаржыландырып, есесіне барлық артистерден «Steinway & Sons» кәсіпорнының музыкалық аспаптарын пайдалануды талап етеді. Фортепьяно сатып алған музыканттардың аты-жөндерін кәсіпорынның қабылдау бөлмесіне көзге түсетіндей етіп жазып қояды. Оның маркетингтік саясаты жемісін беріп, 1876 жылы компанияның капиталы 8 миллион доллардан асып жығылады.

Түйін

«Steinway & Sons» компаниясының басты ерекшелігі – олар жаңа техникалар мен роботтардан гөрі қол еңбегіне көп жүгінеді. Фортепьяноның ұсақ бөлшектері заманауи техниканың, электрониканың, компьютердің көмегімен жасалғанымен, фортепьяноны құрастыру классикалық үлгіде іске асырылады. Әр музыкалық аспапқа дара қасиет сіңіру, үн мен дыбыстың тазалығын қамтамасыз ету кәсіпорындардағы жекелеген кәсіби мамандардың ыждағаттылығын, аспап дауысын сүзгіден өткізе алатын қабілетін талап етеді. Робот техникасы шырқау шегіне жетті деген бүгінгі заманның өзінде 400-дей ғана жұмысшы еңбек ететін «Steinway & Sons» корпорациясының зауыттарында күніне тек 9-10 рояль мен 3-4 пианино құрастырылады. Стейнвей әулеті сияқты қол еңбегіне сүйеніп миллионер атанған кәсіпкерлер жоқтың қасы деуге болады.

                                                                          

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер