Астана күні қарсаңында екі отбасы баспаналы болды

1427
Adyrna.kz Telegram

Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Астана күні қарсаңында екі отбасыға баспана кілтін табыстап, қуанышымен бөлісті. Салтанатты шарада аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы баспана иелерін құттықтап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттыұ порталы.

"Бүгін аудан орталығында қос бірдей баспананың берілуі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асып жатырғанының айқын көрінісі. Қазіргі таңда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деп тапсырма берген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегіндегі екі отбасыны баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Баспана иелеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, шаңырақ шаттығын тілеймін", — деді аудан әкімі.

Баспана кезегіндегі тұрғындарды сатып алу құқықығымен жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету халық үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа баспаналарға үйі апатты деп танылған Асылзада Зұлқарнаева және 20 жыл еңбек өтілі бар, 2012 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкері Шалыққаным Бұйрашева ие болды.

Казталов ауданында қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында 28 ауылда 116 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс сапасы аудан әкімі мен жергілікті қоғамдастықтың жіті бақылауында.

Пікірлер