Үшқоңыр тауының етегінде "Nomad" этно орталығы жұмыс жасап жатыр

3990
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Үшқоңыр тауының етегінде орналасқан Көшпелі халықтардың мəдени мұрасын сақтап, кеңінен таратуды мақсат еткен "Nomad" этно орталығы бүгінде еліміздегі ең жарқын шаралардың біріне айналды. "Nomad" этно орталығының басты ерекшелігі - түрлі елдерден келетін туристер негізгі бағдарламаларынан бөлек, қазақтың көшпенді өмірімен, салт-дәстүрімен танысады.

Аталмыш жиында Ұлы Даланың ежелгі мәдениеті мен тұрмысына ден қойып, сонау тарихи кезеңдерге сахналық шолу жасалды. Майталман спортшылар мен қылыштасу шеберлері өз дәстүрлерін дәріптеп, ұлттық ойындары мен тұрмыс-салттық рәсімдерінен үзінді көрсетіп, көшпенді халықтардың ән-жырын жырлады. Фестивалде қазақи киіз үй, садақ ату өнері, сақ, үйсін, қаңлылардың қылыштасудағы түрлі әдістері, атқа міну мәдениеті, көшпелілердің киім кию әдебі және нағыз қазақтардың ас-үйінің қыр-сырын танытатын мастер класстар өткізілді.

Фестиваль барысында көрермендер назарына ұсынылған барлық заттар мен ұлттық дәстүрлер тарихи шындыққа сәйкестендіріліп көрсетілді, тіпті ел арасына кеңінен танымал алтыбақан да ауылдың сәнін келтіріп, жарасымды үйлесім тауып тұрды. Осы жөнінде "Nomad" этно орталығының жетекшісі Жандос Нұрбеков "Адырна" ұлттық порталына сұхбат берді.

- "Nomad" этно орталығын құру идеясы сізге қалай келді?
- Жалпы тарихи орындарға саяхаттауды жаным сүйеді. Бірақ дос-жарандарымды өзіммен бірге тарихи орындарға апарсам, түк қызықпайды. Ал маған керісінше. Менің өмірімде қазақ халқының көшпенді өмірінің тарихы үлкен рөл атқарады. Талай жыл зерттедім, оқыдым, білдім, түйдім. Содан кейін қазақ халқының осындай тамаша тарихын өзге ұлттарға неге таныстырмасқа деген ой келді.
- Бизнес ретінде табыс көзі қалай?
- Табыстан бұрын, ұлтымызды туристерге таныстыруды көздеймін. Туристер қазақтың ата-дәстүрімен танысып, бойларына сіңіріп жатса несі жаман?! Орталық ретінде де танымал болса екен деймін.
- Орталыққа туристер көп келе ме?
- Маусымда ғана презентация бердік. Көп, аз деп айта алмаймын. Алайда келген қонақтардың пікірлері, мақтау сөздеріне қарағанда бастамамның дұрыс екеніне көз жеткіздім. Мысалы, бүгін қазақ пен орыстан бөлек түріктер, және бір топ америкалықтар келді.
- Бұл орталықтың қандай кереметтілігі бар?
- Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы дәл бізге арналып жазылғандай. Себебі мұнда көшпенділер қалай өмір сүрді, не киді, немен шұғылданды, ас-үйі қандай, қандай өнер түрін жанына жақын тұтты, қандай аспаппен ойнады, қандай қару-жарақ пайдаланды деген сынды сұрақтардың бәріне біздің этно орталық жауап береді.


- Қарап отырсам, киіз үйлер де көп, жылқылар да жетеді. Бұлардың бәрі өзіңіздікі ме әлде жалға алып отырсыз ба?
- Иә, орталықта 15 шақты жылқы, 20 дай киіз үй бар. Бәрі ұлтымыз үшін жасалған дүниелер.
-Этно орталықтан бөлек, немен айналысасыз?
- Туризмге қатысты әдебиеттер шығарумен айналысамын. Яғни өзімнің жеке баспаханам бар.

- Бүгін көшпенділердің қару-жарақты пайдалану өнерімен таныстық. Келесіде қонақтарды қандай қызықтар күтіп тұр?
- Келесі айдың тақырыбы: "ұлттық киімдер және ұлттық тағамдар". Қымыз, ірімшік, құрт деген секілді қазақтың ұлттық тағамдарын жасаудан мастеркласс өткіземіз. Түрлі көшпенділердің киімдері, қазақ қыздарының кең етекті көйлектері, сәукелелері қойылады. Бұл бір жағынан қазақ қыздарына ой салып, қазақи киімдерді күнделікті өмірде киіп жүруге дағдыландырады деп ойлаймын.
- Этно орталыққа қатысты болашақта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
- Менің мақсаттарым, армандарым өте көп. Келешекте тек қазақтардың ғана емес, бүкіл көшпенді халықтардың тарихын көрсеткім келеді. Сақ, ғұн, маңғол, Шыңғыс хан, алтын орда Қырым хандығы, Балғар қағанатының көшпенді өмірін әлем жұртшылығына таныстыру ойымда бар. Себебі әр қайсысы тарихта ізін қалдырып кетуі керек. Және ұрпақ одан хабардар болуы тиіс.

Сұхбаттасқан: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер