БЕРІК ЖҮСІПОВ: Біз кейде күлмейтінге күлеміз

415
Adyrna.kz Telegram

Ежелден келе жатқан, тым ескі мамандықтың бірі болғандықтан, оның жекелеген элементтері көп адамның бойында кездесе беруі бек мүмкін. Дамыған халықтардың жүріп өткен жолына үңілсеңіз болды, олардың әуелдегі орнын «шут», «дурак», «скоморох», «паяц», «фигляр», «клоун» деген сан түрлі атаумен зәулім патша сарайларынан, билеушілердің қасынан, ауқатты адамдардың айналасынан ұшыратуға болады. Иә, бұл «мамандық» иелерінің міндеті біреу ғана: қайтсе де, қалай, қайтіп жасаса да әйтеуір әлгілердің көңілін тауып, бай-бағландардың қонақ-қопсысын күлдіріп, көңілін көтеру. Қалған кезде бұлар қадірсіздер қатарында. Біздің қай қазақтың болсын, тойына сайқымазақ шақырып, сөйтіп отырып өздері солардың атына сай әрекеттерінен шошитыны тәрізді ғой.

Ресей тарихында бір кезде бұларды «дурак — жынды» атағанымен, кей жағдайда солар арқылы құпия хат-хабарлар жеткізіліп отырған екен. Әрине, ерекше тип ретінде сайқымазақтар әуелде орта ғасырлық Еуропада пайда болған. Белгілі бір жағдайда, олардың дене кемістіктері де болғанға ұқсайды. Мысалы, М. Ковынева «Были ли в Россий придворные шуты?» деген мақаласында көбіне-көп дене бітімі жағынан ақаулы жандарға қоса, жүйрік ойлылардың да сайқымазақ-шутқа айналғаны жайында айтады. Демек, олардың бәрін кембағал жандар ретінде қарастыруға болмас. Араларында күлдіргі әрекеттерді атқарумен қоса, ән салып, аспаптарда ойнап, өлең оқитын өнерлілер көп болған. Қазіргі заманауи цирк қойылымдарының ілкі бастауында тұрғандар да солар. Бір ден қоярлығы, бұлардың бәрінің тегі қарабақай емес, сирек те болса араларында кейін кедейленген ақсүйек әулеттен шыққандары да, жұрт айта алмайтын шындықты айтатын, әскери жорықтарға қатысқан князьдар да кездеседі. Әйгілі тарихшы Н. Карамзин «Истории государства Российского» атты еңбегінде сондайлардың бірін әзіліне қанағаттанбаған патша қаһарлы Иванның ыстық суға күйдіріп өлтіргенін жазады. Ең сұмдығы, әлгі сорлының сұрауы және ит құрлы құны болмапты. Жасыратыны жоқ, мұндай ыңғайдан біздің жұрт та тыс емес. Ақыры патша ағзам ордасындағы сайқымазақтар әйел патшайым Анна Иоановна тұсында ақылы қызметтерінен толық босатылып, сарай маңынан аластатылған. Міне, біз Ресей империясындағы сайқымазақтық салттың ғана азын-аулақ тарихнамасына шолу жасап өттік.

Масқарапаз деңгейдегі өнерпаздық типтің бұл түрі тек Ресеймен, соның ғана билеушілерімен шектелмейді. Дамыған Еуропа мәдениетінде олар екіұшты бастаулардың жолайрығында тұр. Атақты Уильям Шекспирдің «Дурак думает, что он мудр, но мудрец знает, что он дурак» деген сөзінен әлгі біз айтып отырған нәрсенің айырым шегін көруге болады. Олай болса, мұның бір шеті адам баласының дүниені өзінше қабылдау мен пайымдауына да байланысты екен. Ендеше, бұл қатардағы типтерді жасаушы топтардың да сол жайға қатысы ерекше болғаны ғой. Шекспирдің пайымында ол «Біреудің қасіретін күлкіге айналдырушы». Иә, рас, біз кейде күлмейтінге күлеміз, сөйтіп әлеуметтік жағдайды қолдан реттеуші қолшоқпар аспапқа айналып сала береміз. Сондықтан да бұл мамандық иелерінің архетипіне ден қойыңқыраған абзал. Абай күлкінің «қымбат» екенін айтқанда, осылардың қолшоқпарына айналған негізгі құрал — сайқымазақ күлкіні меңзеді деп ойлауға негіз бар ма? Қалай десек те, бұл да бас қатыруға тұрарлық мәселе. «Архетип шута — все, что вам нужно знать» деген мақаласында М. Печерская олардың мінезіне тән алты түрлі қасиетті айта келе, «Шут живет настоящим. Они мало думают о будущем» деп пікір түйіндейді. Е, олай болса, осы жерде біздің қазақтың ертеңін ойламағанды ердің қатарынан санамайтынының сыры белгілі бола бастайды.

Осы автор сайқымазақ-шуттың дурақ, клоун, трикстер деген үш түрін атап көрсетеді. Дурак, яғни біздің ұғымымыздағы жынды — жұрт айтпаған, айтса соғыс өрті тұтанып кетуі мүмкін шындықты айта алады екен. Бірақ, оған тиетін зиян жоқ. Өйткені, қоғам әлі күнге дейін өз мүддесі үшін осы тәсілді ұтымды пайдаланып келе жатыр. Клоун болса, мұңайып тұрып-ақ қай нәрсені де қақ жарып өтіп көре алатын қасиетке ие. Сөйтіп, адамның күнделікті бетпердесінің ту сыртындағы шындықты көрсете алады. Ал трикстер құбылмалы, екі жақты, оның мифология, дін, фольклордағы бейнесінің өзі кісі кейіптегі ертегілік кейіпкерге жуық екені айтылады. Жоғарыдағы пайымға байланысты автордың түпкі ойын тұтас әліптер болсақ, сайқымазақтық — әрбір қаһарман үшін ілгері ұмтылушы күшке пара-пар екен. Олар бүгінгі күнмен өмір сүріп, әр күнді сол қалпында қабылдауға бейім болғанымен, былайғы жұрт оны қанша қайталағысы келгенімен, оның жасағанын жасай алмайтынға ұқсайды. Міне, барша сайқымазақтық пен оған қарсы жағымды образдың айырым-жігі осы төңіректе болса керек.

Бір қызығы, әлемде «ақылды адамдар күні» болмаса да сайқымазақтардың күні бар. Иә, біз оны бірінші сәуір — күлкі күні деп жүрміз. Дамыған Еуропа мен Ресей біз кезде ақылы қызметте болған сайқымазақтарынан баяғыда бас тартса да, бұл қазақ мәдениетіндегі салпыншақ ретінде әлі шалғайға ілесіп келе жатыр. Тіпті, басқаны былай қойғанда, бюджеттен ақы алып отырған сайқымазақтықты дәріптейтін театрлар бар. Соған қарағанда, біздің жұрт бұл бағыттағы «мамандарға» өрескел ошарылып, әуелден онша бір теріс қарай қоймаған тәрізді. Өйткені, қазақ даласында шуттық — сайқымазақтық дәрежеде болмаса да, жеңіл әзіл-қалжыңды екінің бірі айта береді. Сонда қалай, бізде екінің бірі сайқымазақ па, әлде түп табиғатымызда соған бейімдік нышаны бар ма? Бәлкім бұл кейін пайда болған, қолдан қалыптастырған қасірет деңгейіндегі «қасиет» болар? Әлемде «Күлкі Құдайын» ұлықтайтын ұлттар да бар. Оның, яғни күлкінің, басқаны былай қойғанда, махаббатқа араласатын жерінің өзі тым қауіпті. Нышандық тұрғыда оларды патшамен егіз санау немесе Құдайдың құдіретімен жетілмей қалған сәби ретінде қабылдаудың өзі былайғы жұртты осы сайқымазақ өнердің астарындағы қасиет пен қасірет атаулыны тең таразылауға шақырып тұратын тәрізді. Сол үшін де олар сонау орта ғасырлардан бері әдебиет пен өнердің түрлі жанрларына кірігіп, сайтан мен періште болмыстың көмес белгісі ретінде адамдар арасында әлі өмір сүріп келе жатыр.

«История шутов: от Птолемея I до наших дней» атты мақаласында М. Иванов бұл тақырыпты зерттеушілердің түйінді ойларын тұжырып беріпті: «…олар есуас емес, керісінше, тылсым ілімді сақтаушылар». Бұл пікірге иек артатын болсақ, онда әңгіме ауаны ұзай бермек. Бәлкім осы Құдайлық бастауларды ұлықтайтын күлкі иелерін сахналық өнермен шатастырып, оны күні бүгінге дейін сайқымазақ өнерге айналдырып, күлкінің қадірін қашырып жүрген өзге емес, өзіміз шығар? Ұлттың қажетіне қызмет жасағандай сыңай танытып жүрген кейбір сайқымазақтарға тас атып жатқан тұста менің кәллама осындай бір ой келді. Ал оның орта ғасырларда жан бағу үшін пайда болған алғашқы белгілері күні бүгінге дейін сол кәсіп пен нәсіптің төңірегіндегі дүрияуи ниеттен ұзай қоймағаны ешкімді толғандырмайтын сияқты.

 

Berik Zhusupov

 

 

Пікірлер