Қарапайым халықтың заңды мүлтіксіз орындауын өте қатал талап ететін президент өзіне тікелей бағынышты биік дәрежелі шенеуніктерге де солай қатал ма екен, кім біледі...
Желтоқсан айында аудиторлар жариялаған мына ақпарат көптің назарынан тыс қалды: маңызды салаларды басқарып отырған аса лауазымды шенеуніктер өздеріне тиесілі міндеттерін өздері шешудің орнына шетелдік кеңесшілерге жүктеп, оларға мемлекет қазынасынан қыруар қаржы төлейді екен.
Мысалы, президентке тікелей бағынышты «Самұрық-Қазына» өзіне қарайтын компаниялардың 82 пайызын, стратегиялық нысандардың (!) 60 пайызының есеп-қисабын шетелдік аудиторлардың қолына беріп қойған.
«Қазатомпром», Qazaq Air, KEGOC, «Қазақстан Темір Жолы», QazaqGaz, «Қазақтелеком», QazTrade сияқты компаниялардың бәрі өздерінің тікелей міндеттерін шетелдік сарапшыларға орындатады дейді тексерушілер.
Мысалы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өзі миллиардтаған қарызға батып отырса да, бизнес-жоспарын немістерге 8 миллиард теңгеге жасатқан. Құзыретсіздік деген осы.
ҚТЖ-ға да заң қызметтерін шетелдіктер көрсетеді.
Алматы әкімдігі ішкі туризмнің талдау жұмыстарын шетелдіктерге тапсырыс беріп жасатқан.
«Самұрық-Қазынаға» қарайтын компаниялардың шетелдіктерге қаншама миллиондарға тапсырыс бергені Шишкиннің телеграм-арнасында жазулы тұр.
Яғни, мемлекет екі есе зиян шегіп жатыр – ұлттық компаниялардағы өздерін теңдессіз санайтын топ-менеджерлер миллиондаған жалақы алады, ал олардың жұмысын шетелдік консультанттар миллиардтаған қаржыға жасап береді. Сонда штаттағы қызметкерлер не үшін отыр?
Ұлттық банктен бастап 17 банк аудитор қызметін шетелдік атақты компанияларға тапсырып қойыпты. Тіпті Ұлттық қордың да аудитін құрылғалы бері «үлкен төрттік» жасайды екен.
Бұлардың бәрі - стратегиялық нысандар. Бүкіл құнды мәлімет кімдердің қолында сонда...
Қазақстандық шенеуніктердің арқасында керемет «майшелпекке» ие болған шетелдік аудиторлық компаниялардың елімізде 3 мың қызметкері бар екен (!).
Шетелдік кеңесшілер заң шығару қызметіне де араласып жатыр дейді тексерушілер. Мысалы, «Цифрлы Қазақстан», жасыл экономика жобаларын, т.б. сол шетелдік мамандар жасап берген. Біздің министрлер өздері құдды дайындағандай көпіріп мақтануға шебер.
Шетелдік компания өкілдері қаржыға қатысты маңызды салаларда лобби де жасайды екен. Бұл тәуелсіздікке қауіп емес деп кім айтады…
«Шаңыраққа қаратқыш» депутаттар осы салаға қатысты заңдарды қайта қарап, шенеуніктердің мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсауына тыйым салмаса, халықтан айыппұл жинап қана бюджет жыртығын жамау мүмкін емес қой.
Дина Имамбай