Діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім жайлы не білеміз?

193
Adyrna.kz Telegram

Дін - бұл сөздің тамыры тым тереңде. Ұлттық болмысыңды айшықтап, дүниетанымыңды ақтарып беретін сала. Адамзат тарихындағы аса  маңызды әлеуметтік-мәдени санада дінмен байланысты. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, дінді ұстанудыңда өз бағыты бар. Оны дұрыс пайдалану руханияттың ұлар шыңына жетелесе,  жат ағымға еру болашағыңды бұлыңғыр етіп, келешегіңді өз қолыңмен құмға көмгенмен тең.

Діни ахуал қай елде болмасын бірінші кезекте тұрған күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселе. Сондықтан да конфессияаралық келісімді арттыру жайына әр ел өз деңгейінде басымдық береді. Оның басты көрінісіде әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің өтуі.  Елімізде аталмыш съез 2003 жылы қыркүйек айында алғаш рет өткізілген еді. Шараның басты мақсаты - дінаралық және конфессияаралық сұхбат дәстүрлерін дінаралық съез түрінде нығайту.

Дін мен мәдениет, өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталған  форумда ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, әртүрлі мәдениеттер мен дін өкілдері  бас қосып, экстремизм идеологиясына қарсы төзімділіктің өзіндік стратегиясы айқындалып,  «өркениеттер қақтығысы» тезистерінің басымдық алуына жол бермеуге арнайы жұмыс жоспарлары талқыланады.

Съездің ең алғашқы отырысы конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен терроризм әдістеріне қарсы іс-әрекеттерді талқылауға арналды. Форумға қатысушылар арасында қазіргі әлемдегі дін рөлі және кез келген діннің негізгі адамгершілік құндылықтарының жалпы адамзаттық сипаты туралы ашық пікір алысуға қол жеткізілді.

І Съезде өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасында құрылымдық келісімді нығайту мен келіссөз орнату жолында батыл қадам жасалды.  Аталған шара алған бағыттың дұрыстығына көптің көзін жеткізді. Нәтижесінде, 3 жылда бір рет дінаралық форум өткізу туралы шешім қабылданған еді.  Форум екінші рет еліміздің елордасы Астананың төрінде «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбымен, «Діни сенім еркіндігі және өзге дін өкілдеріне құрмет» және «Дін лидерлерінің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ролі» деген екі бағытта өтті. Екі күнге созылған форумның нәтижесінде қатысушылар барлық дін және этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен Декларацияны қабылдады. Бұл құжатта «қақтығыстар идеологиясына» «әлем мәдениетіне» алмастырудың жаһандық қажеттігі көрініс тапты.

Әр өткізілген Съезде осындай белгілі бір нәтижеге қол жеткізіліп отырды. Соңғы рет мұндай форум 2022 жылы өткізілді.

Кезекті рет Елордада өткен форум «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі»  атты тақырыпты арқау етті.

Онда сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

Біздің съез өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат, деген еді.

Расында, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Бұл елдің  баға жетпес байлығы десек артық айтқандық емес.

Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты.  Ал оның негізгі миссиясы конфессия аралық келісімді нығайту болып табылады.

Баршаға мәлім, еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы елімізде дәстүрлі форматта өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі халықаралық аренада үлкен маңызға ие.  Өйткені,  съез діни конфессиялардың әлемдік көшбасшыларының басын бір мақсат жолына тоғыстырып, ортақ адамзаттық адамгершілік идеяларына жүгіндіруі, әлемді торлаған терроризм тәлкегінен арылтып, экстремизм әлегінен құтылуға таптырмас әлемдік рухани алаң.

Пікірлер