Сонымен, елдің соңы кім, сатқыны кім? Ағаевтар ма, әлде бүгінгінің жемеңқоры ма?

2504
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – 19 мамыр. Жылой жеріне түскен "Алаш" барлау - диверсиялық тобының ( Ағаев десантының ) көзі жойылғанына тура 80 жыл.

Былтыр жаз "Бәйтерек аясы" қоғамдық бірлестігі ұйыстырған "Ағаевтың ізімен" автоэкспедициясының қайбір сәттері есімде берік жатталып қалыпты.

Ақтолағай- Ақұшан тауының етегінде біз – бейбіт заманның есі дұрыс адамдары – жаңғыз қазаннан бір қасық, үш шанышқымен тамақ жедік. Кейін ойлап қарасам, әлгі қасық-шанышқы бізді айдалада кенет ажалдан алып қалған құтқарушы-жебеушіміз сияқты екен. Ашаршылық көргендер ыдыстың түбін нанмен жалап-жұқтап қояды деседі. Біз де сөйттік. Белгі бермес, қайтып келмес қайран да қайран  аға буын неткен қажырлы, қайыспас қайсар десейші, деп ойладық қара қазанның қаспақты түбін нанмен қырнап отырып. Солар ғой осынша тауқыметпен жүріп, сонда да Абай айтқан үлгілі жақсы атақпен көрге кіре алған.

Ертесіне Ағаев төрт жолдасымен тең емес айқаста мерт болған Жантерексайда тұрдық. Сайдың өре басында бесеуі құшақтасып жатып жантәсілім еткен ойпаңда жасақшылар марқұмдардың алайып жатқан көздерін қалай жапқанын ойша көзге елестеттік.

Көз жанарларында өмір ұшқыны, яки өшпенділік, яки мейірбан болды деп айту қиын.Соғыс кәрі, өмір қаһары жанын жарымжан еткен адамның көзінде ондайға орын табыла да қоймаған шығар.

Өлім жазасына кесілгендердің айтқандарын оқып едім. Айтуларынша, адам асылы өлімнің өзінен, өлуден қорықпайды екен.Ең қиыны қашан, қай кезде өлетініңді білу, дейді олар.Ағаев тобы Жантерексайда ақтық демдері таусылатынын анық білген. Осы жерде төрт сағат ажал жастығына бас қойып жатқан.

Бесінші сағатта жүз мылтықтан бораған оқтан жусап түскен бесеуін сай қабағындағы Бүркіт ата зиратына сүйреп апарып, бер жағындағы бос жерге шұңқыр қазып, көміп тастайды.

Ойдым-ойдым ойылып жатқан шұңқырлар соның ізі.

Майдангерлердің айтуынша, ұрыс даласында қаза тапқандарды осылай жерлеген екен. Денелерін бір жерге үйіп, үлкен шұңқыр қазып тастап, бастарына " Бауырластар зираты" дейтін ортақ тақтай шаншып кете барған. Жантерексайдағы белгісіз шұңқырға ондай сайғақ та шаншылмаған. Әйтеу бес десантшы туған жердің пұшпағында бірге жатуды тілеген тілектеріне жеткен.

Мұсылманшылық ишарасын жасадық. Өлі әруақтарына бағыштап оқылған алғашқы әйет шығар. Күніге Раббыңа шүкіршілік айтып, мінәжат етесің. Жүрегіңді жамандықтан, көзіңді риядан, ісіңді сатқындықтан сақтауды тілеп, жүрегіңнен сұранасың.Жантеректің сайында айтылған тілектің ішінде де осылар болды. Сай қабағынан түсіп келе жатып " Осы сатқындық деп нені айтамыз, жалпы сатқын, опасыз деген кім?" деп ой ойладық әлденеге.

Былай қарасаң Ағаевты сатқын деудің онша реті келмейді. "Садақ тартқан жерде жебе қалады" демекші, бүткіл сөйлеген сөзі, істеген ісі , әтіретінің атына шейін " Мен – Алаш" деп тұр. Одан қалса бір басына бүткіл қазақы қасиет-болмыс үйіліп-төгілген кісі. Бар ой-арманы қазақтың үстінде болған. Халқын орыстың қанды тырнағынан босатуды хасыл еткен, со жолда неміспен ықпалдастық керек деп есептеген. Қазақ өзі көріп аралаған Еуропа елдерінше норм өмір сүрсе екен деген. Қайткенде де адмирал Канарис, генерал Гелен секілді вермахт мостодонттарын мойындатып, өзіне сендірген. Сондай адамды қазаққа сатқындық қылды деп күстәналау қиындау. Қайта, немістер айрықша барлау-диверсия десанттарын шылғи кеңеске саналы түрде қарсы тұрғандардан жасақтағанын ескеріп, бүгінгі күннің биігінен қарап, ұлтшыл патриот ретінде бағалау қисынды болар еді.

Олай болмай отыр. Кешелері түзілген 30 том репрессия құрбандарын толық ақтау материалдарына бұлар мүлде енбеді, әскери тұтқындарға рақымшылық жайлы тіпті әңгіме жоқ. Неге ?

Бізде мұндайда пәленің басын орыс қылатын бір қаспақ әдет бар ғой. Орыстың қас-қабағына қарап, әскери тұтқында болған, Германияға қолдастық еткендерімізді тым құрыса соғыс құрбаны ретінде тани алмай отырмыз дейміз.

"АҒАЕВ"  уақиғасын зерттеп жүргенімде бір жағдай болды.

Кеңестік насихат бізді " Жантерексайда Ағаев десантының көзін жоюға қазақтар қатыспады" деп сендіріп келді. Гурьевтен, Ақтөбеден келген милиция, НКВД әтіреттері жойды, ал ұлттық жасақ, ВОХР кейінде тұрды деді. Бірде Интернеттен бір архив материалын кездейсоқ көріп қалдым. Онда Ағаев десантын талқандауға қатысқаны үшін орден-медаль алған оншақты қазақ көрсетіліпті. Басқа жақтан келмеген, Гөриіптің жергілікті қазағы.

Қазақты қазақтың өлтіруі соншалықты шетін нәсте емес шығар. Күнде өлтіріп жатыр ғой бірін бірі. А бірақ тұрмыстық-қылмыстық жағдайда емес, қоғамдық-саяси күш тепкінімен қандасының, онда да тұлға қандасының жанын алу...бұл енді бөлек нәрсе. Еске түседі, өз қазағының қолынан өлген Әбілқайыр, қазағы тастап қашып кеткен Кенесары..., өз ағайынының қолынан қазаланған Жанқожа, Махамбет, Ғұмар Қараштар... 37-дегі көрсетіп жіберу, сілтеу беру..., 86-ның Желтоқсаны, кешегі Қаңтар...

Обьективті жағдай солай болды дейміз. Ілгергі патшашылдықтың зәбірі, кейінгі кеңестік мифтік коммунизм масштаб жағынан англосакс отаршылдығы мен неміс нацизмінен сорақы, қорқынышты құбылыс болғанын алға тартамыз. Осыдан келіп Жүйе өзіне invasor- басқыншы етіп көрсетіп құрған кісі өлтіру акцияларына қазақ алданып қатысты деуге бейілміз. Мұның сыртында, әлбетте, жалпы өмірде адам баласы басқа біреудің ұсақ- түйек теріс қылығын кешірсе де, сатқындығын, сатып жіберуін кешіре алмайтын табиғи құлқы да бар ғой. Дәлелденген нәрсе -- дүние тіршілігінде сатқындықты кешіру қиын, зор қиын шаруа.

Сондықтан болу керек, кезінде Жантерексай қырғыны үшін кеудесіне " Жауынгерлік ерлігі үшін", " Үздік қызметі үшін" медальдары тағылған қазақ чекисінің, милиционері мен жасақшысының бүгінгі ұрпағы " Ағаевтарды" баяғысынша сатқын, жауға жанын жалдаған жалдап, Отанға опасыздық жасағандар деп біледі. Арада жөңкіліп сексен жыл өтті, заман өзгерді, бүгінгі күннің өз заңдылықтары бар, бірақ сонда да әлгі түсінік іргесін бір ширек ұттыратын емес.

Социология ғылымына айтқызсаң, ұжымдық ес пен ұжымдық сана екеуі екі басқа екен. Ұжымдық ес -- жеке адамдардың жадының өзара тығыз матаса байланысуы. Хвальбакс бойынша ұжымдық ес, жад тұтас топтардың, отбасының, қоғамдық коммуникативтің деңгейінде бірден бірге беріліп отырады. Яғни ол бұқаралық санада тұрақты орын теуіп қалады. 30-40 жылдардағы чекистердің кейінгі ұрпағының сатқындыққа көзқарасы сондықтан да бұрынғы ата-әке қалыбынан аса алмайды. Оған қоса сол " қызылжаға" ұстаздарының қоясы ашылса өз қоясы да ашылатынын білетін " қызылжағалылар" көздері тірі отыр...

Айналып келгенде, сексен жыл бұрын Жантерексайда жүз мылтық үздеген тоғыз грамм қорғасын бізден де көктей өтіп, алға зымырап барады.

Жағдайдың бұлай ушығуына ұлттық зиялы қауымның, соның ішінде жазушылар қауымының қосқан " еселі" үлесі бар.

Ұлттық әдебиетіміз "Майданбек", "Қаһарлы күндер", "Шырағың сөнбесін", "Москва үшін шайқас" секілді окоп шындығын ашқан, майдан диалектикасын көрсеткен немесе "Мылтықсыз майдан" сияқты жеке адамның, халықтың соғыс кезіндегі трагедиясын бейнелеген шығармаларға кенде емес. Алайда біздің әдебиет әскери тұтқынның рухын, ішкі арпалысын танытатын шолоховтық " Адам тағдыры", дезертирлер тағдырын арқау еткен айтматовтық " Бетпе-бет", распутиндік " Жадыңда жүрсін жаңғырып" (" Живи и помни") , неміс барлаушысы әскери тұтқын жайлы семеновтық " Текетірес" повестері тәрізді тың тақырыптарға түрен сала алмады.Солар сияқты соғыс жағдайындағы кісілік табиғатын ашатын, тіпті ақтайтын кесек туынды ұсына алмады.

Салдарынан ілгерідегі бұқаралық, ұжымдық сірі сана сырттан интеллектуалдық сілкініс әсерімен өзгеріске түспеді. Ал жоғарыдағы шығармалардың ықпалына ұшыраған орыс қоғамы қайтті дейсіз ғой -- генерал Власовты ақтамаса да оған қатысты материалдарды үш том етіп шығарды. Ал бізде Ағаевтардың ісі әліге дейін жеті құлыптың астында жатыр. Тіпті ельциндік Ресей әскери тұтқындарды ақтау заңын қабылдай алды, бізде ол жоқ.

Себебі біз Вал. Распутинның жас әріптестеріне қарата айтқан "Не бойтесь сочувствия слабым и оступившимся, а бойтесь резких приговоров и решительных обвинений своим героям" деген ұлағатын бойымызға сіңірмей өскенбіз.

Мәселе жазушыларда ғана ма екен. Кеңінен орағанда, жалпы зиялы-зиянды қауымымыздың матигілік үшін төменшіктеудің, жағымпазданудың қай түріне де баратын жәреукелігі сатқындық емес пе? Кеше ғана бауырын көтерген, бүгінде ұлттық клептократия, олигополия атанған күшіктердің доллар деп обығып, халқынан, Отанынан тауық екі шақырғанша үш айнитын мерездігі сатқындық емес пе екен? Мемлекеттік құпияларды ақша үшін, мансап үшін жария етіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірген, сөйте тұра бес жылмен құтылып кеткендер Отанын сатқан опасыз, жанын жалдаған жалдап емес пе екен?

Өз ішінен тізгінүзді лидер бере алмайтын, бухгалтер болғысы келген адам бастығының:

- Бесті беске көбейтсе қанша болады ? - деген сұрағына :

- Ал сізге қанша керек ? - дейтін елдің соңы, сатқыны кім болды сонда ? Ағаевтар ма, әлде бүгінгінің жемеңқоры ма?

Бірақ бұлай жалғаса бермейді.

Түнгі клубтардың у-шуы, тарсыл - гүрсілінің арасында күндердің күні өріктей ұлдарымыз, алмадай қыздарымыз Шындықты талап ететін болады!

 

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

Пікірлер