ХАМАС төрт тұтқынның денесін Қызыл Крест ұйымына тапсырды. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, төрт адамның денесі Израильге жеткізілді. Құрбандар арасында 7 қазанда Израиль трагедиясының символына айналған сары шашты ұлдар Ариэль мен Кфир Бибас, сондай-ақ олардың анасы Шири мен 83 жастағы Одед Лифшиц бар.
ВВС мәліметінше, ХАМАС Қызыл Крест ұйымына төрт табытты берген. Олардың әрқайсысында кепілге алынғандардың шағын фотосуреттері болған. Қызыл Крест табыттарды Газа секторындағы ЦАХАЛ күштеріне тапсырған.
Мәйіттерді қабылдағаннан кейін Израиль армиясының бас раввині қысқа рәсім өткізді. Мәйіттер Израиль туымен оралған табыттарда елге жеткізілген.
Израиль мәйіттерді анықтау үшін тексеру жүргізеді. Бұл процесс 48 сағатқа дейін созылуы мүмкін. ХАМАС Газа секторындағы соғыс басталғаннан бері алғаш рет тұтқындардың мәйіттерін Израилге табыстап жатыр.
Израиль президенті Ицхак Херцог жан тәслім еткендерден кешірім сұрады.
«Израиль мемлекеті атынан басымды иіп, кешірім сұраймын. Сол қорқынышты күні сіздерді қорғай алмадым. Үйге аман-есен жеткізбегенім үшін кешіріңіздер», - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Мәйіттерді Қызыл Крест ұйымына тапсырар алдында ХАМАС кепілге алынғандардың Израиль әуе шабуылынан қаза тапқанын хабарлады. Олар «кепілдегілерді қорғау» және «олардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын» мәлімдеген.
Израиль бұл мәлімдемелерді растаған жоқ. Денсаулық сақтау министрі Уриэль Буссо мәйіттерді тексеру барысында мүмкіндігінше олардың өлім себебін де анықтайтынын тілге тиек етті.