Израиль елшілігін “өртемек болған”студент сотталды

1197
Adyrna.kz Telegram
Сурет: alamy.com
Сурет: alamy.com

Ташкенттің Яккасарай қылмыстық істері жөніндегі соты Израиль елшілігінің аумағында қасақана өрт қоюға әрекеттенген 19 жастағы қала тұрғынын бес жылға соттады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Газета.uz»-ға сілтеме жасап.

19 сәуірде Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінің 2 курс студенті велосипедпен Израиль елшілігінің ғимаратына барған. Оның бұл әрекеті дипломатиялық өкілдіктің жанында орналасқан Яккасарай аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің назарын аударған. Тәртіп сақшыларын көрген ер адам қашып кетуге тырысқан. Алайда оның бұл әрекеті сәтсіз болды.

Ташкенттік жігіттің сөмкесінен керосин құйылған бөтелке, гантель, екі қорап сіріңке мен мата кесектері табылды. Тінту кезінде ер адам полиция қызметкерлерінің назарын басқа жаққа аударып, Израиль елшілігіне қарай жүгірген. Осы кезде күдікті азаматты дипломатиялық өкілдіктің күзетшілері қолға түсірген.

Жауап алу кезінде Ташкент тұрғыны өткен жылдың күзінен бастап Газа секторындағы қақтығысқа қызығушылық таныта бастағанын, кейін  «Израильді жек көріп», кек алуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Студент өз кінәсін мойындап, Өзбекстан президенті мен халқынан, сондай-ақ Израиль елшілігінің қызметкерлерінен кешірім сұрады.

Пікірлер