"Ержұман - нағыз ер еді"

370
Adyrna.kz Telegram

Темірдей тәртіпті сүйтін, өзі ерінбей еңбек ететін, тапсырманың орындалуын қатаң талап ететін басшы жұрттың бәріне бірдей ұнай бермесі аян. Сол бір жылдары жариялылық деген желекпе науқан басталып, басыны ұжымның өзі сайлайтын, жұмысының бағасын әріптестері беретін болғанда мақтаулы мінездеме ала алмай Ержұман Өтешұлының еңсесі біраз түседі. Соның нәтижесінде 1979 жылдан бастап республикалық «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары болған Ержұман Смайыл 1987 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына қайтып оралады.

Ендігіде атқаратын   қызметі – партия тұрмысының меңгерушісі. Бұл кезде басшы кадрлар өзіне резерв даярлауы керек деген тағы бір бастама шаң берген болатын. Әр басшы өзіне 3 адамднан ізбасар әзірлеп, олардың бас-басына мінездеме беріп, оны Орталық партия комитетінің бюросына бекітіп алуға тиіс болды. Соның кезегі Сарбас Ақтаевқа келгенде ол басылым басшысының бірінші орынбасары ретінде Сауытбек Әбдрахманов, Ержұман Смайыл және Қадір Әлімқұловты таңдап, солардың мінездемесін бюрода бекіттірді. Көп ұзамай, Ержұман Смайыл бас редактордың идеология жөніндегі орынбасары болды.

Ширек ғасырға таяған өмірін осы газетке арнады. Келген жылынан бастап 20 жыл бойы газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары сияқты қызметтерде болды. Бас басылымның ұжымын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, газеттің мерейін асырып, мәртебесін көтеруге жан аямай атсалысты. Арасында бір жарым жылдай бірінші басшы да болды. 1998 жылы бас редактор болып тағайындалды. 2003-2004 жылдары болса «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы президенті, кейіннен вице-президенті болды.

Егемен Қазақстан 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда шыққан «Ұшқын» деп аталатын газеттен бастау алады. Жылдардың желеуімен газеттің атауы да бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1920 жылдан 1937 жылға дейін «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» деген түрлі атаулармен құбылса да, газеттің басты мәні мен мағынасы, мақсаты еш өзгермеді. Соңғы атауымен бұл газет 54 жыл бойы халыққа хабар таратумен болды [7].

Еліміздің тәуелсіздік алуына бірнеше қадам қалғанда, 1991 жылы маусымда газеттің аты «Егеменді Қазақстан» деп өзгертілді. Бұл өзгеріс кезеңінде газеттің бас редакторы жазушы, белгілі публицист Шерхан Мұртаза болды. Кейіннен лингвистердің және Әбіш Кекілбаевтың ұсынуымен «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де бұл қара шаңырақ көптеген атақты тұлғалардың бірінші үйі болды. Бұрынғы тарихына көз салсақ та, Смағұл Сәдуақасов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов тәрізді текті тұлғалар қызмет еткен, шығармаларын жариялап, ойларын бөліскен баспаның қоғам өміріндегі үлкен рөлін байқай аламыз. Кейінгі ұрпақтың арасынан газет басшылығында Нұрлан Оразалин, Балғабек Қыдырбекұлы, Сапар Байжанов, Сауытбек Әбдірахманов сияқты алып тұлғалар болды.

«Егемен Қазақстан» газеті – Қазақстандағы ең ірі және беделді газеттердің бірі. Ол 1919 жылы құрылып, Қазақстан үкіметінің ресми басылымы болды.

Еліміздің бас газетінде түрлі тақырыптарда, соның ішінде саясат, экономика, мәдениет, қоғам және өмірдің басқа да салаларындағы жаңалықтар, сараптамалық мақалалар, түсініктемелер, сұхбаттар және басқа да материалдар жарияланады. Газет ел ішінде де, шетелде де көп оқылады.

Газет қазақ тілінде шығады, бірақ орыс тіліндегі нұсқасы да бар. Көптеген ірі газеттер сияқты бұл газет те еліміздің ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқарып, азаматтар мен оқырмандардың алуан түрлі ақпараттарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол маңызды мәселелерді талқылау және қоғамдық пікірді қалыптастыру алаңы қызметін атқарады.

«Егемен Қазақстан» газеті қазақ ақпарат кеңістігінде беделді басылым ретінде танылады. Газеттің материалдары мен пікірлері қоғам үшін маңызды ақпарат көздері және қоғамдық диалогтың негізгі элементтері болып саналады.

Еліміздің бас газетінде Шерағаның мектебінде, қазақтың өмірі, қоғамның шындығы мен әділдігі үшін күрескен азаматтардың ортасында қызмет еткен Ержұман Өтешұлы тура мінезді, еңбекқор, табанды азамат болды. Сол үшін де қазіргі жас буын журналистері ғана емес, өзінің замандастары да сыйластықпен «Ер-аға» деп атаған.

Егемен Қазақстандағы журналистерге демеу, қолдау болған бас редактор Шерхан Мұртазадан қазақ баспасөзі мен журналистикасының мақсаттарына жететін жолда өзінің өнер-білімін сарп еткен, бар ынта-жігерімен терін төккен тұлғалар туралы сұрағанда Шерағаның Ержұман Смайылды атағаны да бекер емес. Еңбекшіл мінезін, шын еңбекті қадірлей білетін қасиетін айтып, Ер-ағаға «Еңбектің Ері» деген атақ бергені редакцияның ауыр жүгін арқалаған орынбасарына деген ерекше құрметін аңғартады.

Редакцияның жалпы басшылығы Шерхан Мұртазада болғанымен, берілген тапсырмаларды үйлестіру, тілшілерді жұмылдыру, газет жоспарланып, жарыққа шыққанға дейінгі барлық қара жұмысты атқару Ержұман Өтешұлының жауапкершілігінде болды. Басшыға қосшының сай келуі де бір бақыт. Редакцияда өтетін лездемеде Ержұман Смайыл үнемі тың тапсырма, идея, ой беріп отырды. Тілшілерді бір ауыз сөзбен қанаттандырып, жігерін жаныды. Арқасында екі алып тұрғанын білген тілшілер де ештеңеден аянбады. Соның арқасында Шерхан Мұртаза басқарған тұста «Егемен Қазақстан» басылымы  ел газетіне айналды.

Бас редактор болып кім келсе де, Ер-аға өзінің орынбасарлық қызметін мінсіз атқарып, жоғары деңгейді орындады. Редакцияның абыройына, беделіне селкеу түсірмеді, ешқашан аласартпады. Редактор орынбасары деген атауы болмаса, бар жұмысқа бас-көз болған, түннің бір уақытына дейін созылатын газеттің қара жұмысына да, басылымның мазмұнына жауапты, редакция ұжымының шығармашылық әлеуетіне, ұжымдық көңіл-күйге негіз болған, қызметтестерінің ұстазы мен арқа сүйері болды.

Әбіш Кекілбайұлынан «Егеменнің локомотиві» деген атау алған Ержұман Смайыл күні-түні ұйқы көрмей еңбек етіп, шаршауды білмей, қанша жыл өтсе де бір қалпынан таймады. Көбірек редакторлық қызметіне ден қойған публицист аз жазса да, оқырманның көкейіне жетіп, жүрегінен орын алатын мақалалар жазды. Саясаттанушы болса да, саясаткер болса да, ойға алғанымен ой таластырып, саяси тақырыптарға, әлі ешкім жаза қоймаған тақырыптарға байланысты қалам тербеді. Мемлекет пен ұлттың мүддесі жайында, әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар тақырыптардан да алшақ болған жоқ.

25 жыл бойы бас газеттің атақ-абыройы үшін баспа жолының ыстығы мен суығын кешкен, өзі ғана емес, өзгені де солай тәрбиелеген, еңбекқорлыққа баулыған, жас буын журналистерінің кәсіби журналист ретінде шыңдалуына қолдау көрсеткен, демеген Ержұман Өтешұлы сияқты алып тұлғалар кемде-кем.

Редакцияда қызмет атқарған уақытында жоғарыдан келген көп тапсырманың ішінен көңілге қоынмдысын іріктеп алып, қошына келмейтінін ысырып отырған. Әділетсіздікке жаны қас, үстемдікке көне салмайтын, өзі келіспеген заттарды еш қабылдамайтын адам болды.

Ержұман Өтешұлының кезінде редакцияда қызметте болған журналистер онымен қызметтес болып жұмыс істеудің қаншалықты жеңіл болғанын айтады. Ол кісі ешқашан біреуге дауыс көтеріп, қатты дауыспен сөйлемеген. Қандай іс болса да ақылмен шешті. Қиын-қыстау шақтарда жас буынға ақыл-кеңес беріп, бастаған әрбір істерінде қолдау болды. Ер-ағамен 6 жыл бірге жұмыс істеген Дастан Кенжалин редактордың біреуге сөгіс жариялап, түсініктеме жаздырып, тіпті ескерту жасағанын да көрмеген [8]. Адамдарды бөліп жармай, бәріне бірдей қарады, әсіресе жастардың шығармашылығына мән беріп, ерекше бір қамқорлық көрсетті. Мінезінің жұмсақтығымен қатар, жұмысқа қатысты талапшыл болды. Бірақ осы талапшылдығының арқасында «Егемен Қазақстан» басылымына жұмысқа келген барлық журналистер шыңдалып, баспада өз орынын тапты.

Жұмысқа келгенде қатал редактордың журналистік арынына шыдаған журналистер редакцияда қалып, шыдамағандары қызметтен бас тартатын. Себебі ол мәселе газет жұмысына қатысты болғанда аса талапшыл болды. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді дұрыс көретін журналистерді жақтырмайтын. Әрқашан ұлтымыздың қамы мен мемлекетіміздің мүддесі үшін білек сыбана еңбек еткен азамат. Жас журналистердің көбісі оның жұмыс қарқынына ілесе алмай қалып жататын.

Ержұман Өтешұлы түнімен ұйықтамай, редакция жұмысымен айналысса да, келесі күні уақытымен жұмысқа келіп, шаруаларын жалғастыратын. Қазақстандағы ең атақты 8 басылымның бас редакторларының орынбасары болып жұмыс істеді. «Социалистік Қазақстан» газетінің басшысы Сапар Байжанов болғанда қатардағы журналист, К.Дүйсеев уақытында партияның өмірі, насихат бөлімдерінде меңгеруші болды. Егемен Қазақстанда да көптеген ұлы азаматтардың қарамағында жұмыс істеп, кейіннен бас редактор болып 33 жыл қызмет атқарды. Алдыңғы буыннан адалдықты, басқаларға қиянат етпеуді, қол астындағы қызметкерлерге өзімен тең дәрежеде қарауды, жұмыс барысындағы әр күннен, кездесу мен сапардан, әр орын алған оқиғадан ой қорытуды үйренді. Басшылықтан берілген тапрсыманы, жеткізілген ойды дамытуды, алдын-ала ертеңге жоспар жасау арқылы жұмыс істеуді, өмірдің әрқашан өзгеріп тұратынын көңіліне түйді. Өзі айтқандай, орынбасар болудағы ең маңыздысы басшының орнын басуды көздемеу, өзіңнің орындаушылық қабілетіңді көрсету, басқаларға да осы қабілетті сіңіру деп ұқты. Публицист өзі бірге жұмыс істеген бас редакторлардан қаншалықты тәлім алса, кейінгі буын журналистері де одан соншалықты үлгі алды. Ол кісіден табандылық пен тиянақтылықты, сөзінде тұруды, принцип ұстануды, еңбекқорлықты үйренді. Ержұман ағаны ұстаз ретінде көретін мыңдаған журналист бар, олардың барлығы публицстті қазақ журналистикасының қара нары деп есептейді.

Ержұман Өтешұлы жастарды еліміздегі шығармашылықтың зиялылардың бір өкілі, ұлттық идеология үшін күрескен жауынгер және ұлттық ойлауды жеткізуші, әділетті тұлғалар етіп тәрбиелеуге күш салды. Редакцияға келген және газет тысындағы көптеген жастың әлеуметтік әлеуетін көтерді, саясат және мәдениеттегі өрісін кеңейтті.

Өзі қарамағында жұмыс істеген бас редакторлардың бәрінің көңілінен шыққан Ер-ағаны Әбіш Кекілбайұлы еңбек дастаны, редакторға қарағанда әлдеқайда шапшаң, ширақ қимылдайтын тиянақты қайраткер ретінде сипаттаған.

Ержұман Смайыл мемлекеттік баспасөздік дамуына үлесін қосып қана қоймай, газетте, ұлттық журналистиканы дамытуда қабілетті, талапты, қаламы жүйрік жас журналистерді шыңдап, оларды кәсіби даярлауға өзінің үлкен академикалық үлесін қосты. Журналистика факультеттерінің түлектері Ержұман Өтешұлының мектебіне құштар болса, Ер-ағаның өзі жазуға қабілеті бар, ойы мен қиялы ұшқыр, түсінігі терең, білімге ұмтылған жастарды студент кездерінен ойына түртіп алып, таңдап қоятын. Кейін осы түлектерді редакцияға жұмысқа алып, шыңдап, мектебінің түлегі ететін.

Егемен Қазақстанда жүргенде Ер-аға қатарынан озып шығып, көрініп жүрген жас журналистерді өзінің дәптеріне жазып қоятыны туралы әңгімелер де болған. Мұны естіген студенттер бар ынта-жігерін салып тұрып мақала жазды. Сол кездегі редактор орынбасары талаптылардың арасынан іріктеп алған талай жігіттер мен қыздарды редакцияға жұмысқа тартты. Еліміздің талантты жастары Ержұман Өтешұлының нұсқауымен Шерхан Мұртазаның жанына топтасты. Осы жастардың ішінде Егемен Қазақстанның бетінде қалам серпіген Қайнар Олжай; Керекуден келіп баспада жаңа тыныс алған Нұртөре Жүсіп; Ермұрат Бапи, Еркін Қыдырлар болды. Ержұман Өтешұлы осы журналистердің талпынысы мен талантын көріп, шығармашылығына демеу болды.

Ол тәрбиелеген журналистика факультетінің түлектері, көптеген інілері мен қарындастары қазірде республикалық, облыстық баспалардың тұтқасын ұстаған, халықтың амандығы жолында тер төккен азаматтар.

Жүздеген шәкірттерінің арасынан жұлдызы жанып, өз саласының қайталанбас тұлғасы болғандарын санап біту мүмкін емес. Солардың ішінде Ер-ағаның ерекше көңіліне ие болған, өзі жеке атап өткен оқушылары бар. «Социалистік Қазақстанға» жас студент болып келіп, бірнеше жылдан кейін ағаның өзінен сұхбат алған Қарашаш Тоқсанбай; Журналистика факультетінде ассистент болып істегендегі студенттері; «Лениншіл Жаста» жүргенде бірінші курс студенттерінен өзі іріктеп алған Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, ақын Баян Бекетова, зерттеуші журналист Бейбіт Сапаралы сияқты журналистер публицистің мақтан тұтарларына айналды.

Егемендегі жылдары өзінің курстасы, жолдасы Ербол Шаймерденұлынан алған кітаптың авторын да Солтүстік Қазақстаннан редакцияға жұмысқа шақырды. Осы жазушы Жақсыбай Самрат та кейіннен қаламы ұшталған журналист болды. Жазған мақалаларына қызығып, Семейден шақырған Ләйлә Тілеубаева болса жылдар өте Егемен Қазақстанның мықты қызметкерлерінің қатарынан табылды.

Осынша шәкіртті іздеп тауып, редакцияға жетектеп әкелді, олардың ысылуына, журналист ретінде жетілуіне жәрдем берді. Бірақ осындай ұстаздық еңбегін ешқашан бұлдап, жақсығы мен тәлімгерлігін міндет көрмеді.

Ержұман Өтешұлы редакция қызметкерлерінің жағдайына да көп көңіл бөлді. «Біздің қаламнан басқа қаруымыз да, байлығымыз да жоқ. Өздеріңе керек жағдайдан тартынбаңдар. Тыңдамағандар табылып жатса, мен ар санамай алдына баруға дайынмын. Ал журналистерге көмек бергендердің мақаласын газетке жариялау жағынан іркілмеңдер. Тек арам жолдан аулақ болыңдар»,- деп, қызметкерлеріне ақылын айтты [9].

Адамға деген жұмсақ жүрегіне қарамастан, жұмысқа келгенде жұмсақ мінезді бола қойған жоқ. Тура, жақсы мінезді адам болды. Ішінен тынып, тымырсу дегенді, адамның сыртынан тон пішіп, бары мен жоғын санамалауды білмеді. Ішіндегі барлық сөз сыртында болды. Мінез көрсетуі де өз орнымен, өз кезегімен болды. Осы тура мінезге ие болғандықтан басқа адам баласының ішіне сыр жасырып, орынсыз әзілдеп, тілмен түртіп, айтарын көңілден шығармағанын, бар аласын ішінде сақтағанын жақтырмады. Барды бар, жоқты жоқ деп түбі түссе де тура айтты.

Адамдарды бір-біріне жалғау, дәнекер, ұйытқы болуды да білген адам болды. Айналасындағы адамдардың ешқайсын кәрі-жас деп алаламады. Бұл қасиеті нағыз ұлт ұлына, жұрт адамына тән қасиет болды. Жүрген ортасында әлдекімге қатысты бір сөз қозғала қалса, адамның сыртынан сөйлемейтін қасиетімен «кім біледі» деп қысқа қайыратын. Бірақ маңызды оқиғаларға, жайттарға байланысты ағынан жарылып, өз көзқарасын тайсалмай, ашық айтты. Дүниенің қызықтарына, байлығына таңылмаған тұлға болды, еңбектен басқа еш нәрсеге көңіл аудармады. Мал, байлық жайында сөз қозғалса, бұл адам артынан қалатын дүние екенін, бүгінгі күнге деген шүкіршілікпен өмір сүру керек екенін айтып отырды. Сол үшін де артынан ерген жүздеген шәкірттің еңбекте де, өмірде де тәлімгеріне айналды.

Дина ЛИТПИН

Пікірлер