Ер аға атанған - Ержұман

301
Adyrna.kz Telegram

Ержұман Өтешұлы Смайыл 1948 жылдың 5 қаңтарында Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты қазіргі Туғанбай ауылында дүниеге келген. Ел газеті Егемен Қазақстанға 25 жылдық маңдай тері сіңген беделді журналист, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері.

Ержұман Смайыл елде ең бірінші колхоздар құрыла бастағанда соларға қорқа қараған, бірақ үкіметтің дегеніне көніп өмір сүрген діни кісілердің ұрпағынан. Ауылына сыйлы азаматтың отбасында дүние есігін ашқан. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тап келген Ержұман Өтешұлы ел қиындықтан еңсе көтеріп үлгермеген кездерде ер жетті. Әкесі мен шешесі қарапайым адамдар болды, қолда бардың қадірін біліп ғұмыр кешті. Әкесінің есімі – Смайыл, Есік жағасындағы әртүрлі шөптерден қайнатпалар дайындап, емшілікпен айналысты. Соғыс кезеңінде еңбек армиясына алынған және Ресейдің Новосибирск қаласында зауыт салушылардың қатарында еңбек еткен. Әкесінің ескіше сауаты болған, бірақ орысша жетік білмегендіктен болар, майданға алынбаған. Бұл құрылысшылардың қатарында әкесінің ауылдастары да болған. Әкесі Смайыл колхоздағы қара жұмыспен қатар, емшіліктен де хабардар болған. Бұл қабілеті еңбек армиясында болғанда да көмегін тигізген. Бастықтарынан рұқсат алып, ормандардан емдік қасиеті бар шөптерді жинап, ауру адамдарды емдеген. Емдік шөптердің құпиясын білген Смайылдың туған інісінің де емшілік қасиеті болған. Анасы Күләш Рысбайқызы сауатын діни түрде ашқан қатардағы шаруа адамы. Ержұманның әкесі зауыт салушылардың қатарынан болса, анасы сол жылдардағы Харьков трактор зауытының бірінші жүргізушілернен болды. Ер-аға – қиын-қыстауда 3 ұл өсірген қарапайым отбасының кенже ұлы.

1953 жылы 5 жасында әкесінен айырылған Ержұман анасы мен 12 жасар ағасының қолғанаты болды. Екі үлкен ағасы жас кездерінен колхоздың жұмысында жүрсе, ол үй шаруасына араласа бастайды. Әкесі мен анасы сияқты текті адамдардың тәрбиесін көргендіктен болар, 3 ағайынды Өзібек, Байжұман және Ержұман бала кездерінен тату боп өсті. Публицист бала күнінде біреудің ала жібін аттаған бұзық бала болмағанын айтады. Анасына жәрдемші болып өскендіктен, жұмсақ мінезді, үйдің баласы болып өсті. Көбінесе апасының жеңгесі Ұлтайдың қарауында ер жетті. Анасы Күләш жан бағыстың күйбең тіршілігімен жүргенде, бала Ержұман ауыл қарияларының тәлімін алады. Дана аталары мен апаларының жанында жүріп солардың нақышын салып айтқан әуендерін естіп, айтқан әңгімелеріне құлақ салып өсті [1].

Бала кездегі достарына, жан-жағындағы жолдастарына деген адалдығы, дұрыс қарым-қатынасы кейіннен жасаған ісінің, айтқан сөздерінің қайтарымын ойлауға тәрбиеледі.

Оқуға аса ықыласы болмағанына қарамастан, ағасының тексеруінің арқасында мұғалімнің тапсырмаларын уақытылы орындап, үздік оқушылардың қатарында болды. Ағасы әліппені ежіктеп оқуына да рұқсат бермей, есептердегі қателерін түзетіп отырған. Жастайынан өнегелі бір ортада ер жетті, екі ағасының арқасында қиындық көрмей, бақытты балалық шақтың да дәмін татты. Жастайынан зерек болған Ержұман Өтешұлы 8 сыныпқа дейін үздік оқушы болып, 1965 жылы туған ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №2 орта мектепті тәмамдап, сол өлкеде клуб меңгерушісі болып жұмысқа тұрады.

Бала кезде орысшаны жетік білмеген ол 1967 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, 3 жыл әскери-теңіз флотында атомдық қайықта әскери борышын өтейді. Орысша білмеген жас жігіт үшін бұл әскер орыс ұлты өкілдерінің арасында тіл білу қабілетін жетілдірудің тиімді жолы болған. Балалық шағынан темір-терсек жинауға әуестеніп, әртүрлі заттар құруға машықтанған Ержұманды ауылдастары болашақ инженер ретінде көрген. Бірақ оған қарамастан, Ержұман Өтешұлы 1971 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

Мамандық таңдау себебін публицистің өзі ауылдан шығуымен байланыстырады. Ауылдың балалары сезімтал, қиялға ергіш болатынын, дәл осы қасиеттердің өмірін журналистикамен байланыстыруына себепші болғанын атап өтеді [1]. Мектеп кезінен кітапхана есігін тоздыратын Ержұман Алматы берген мүмкіндікті қалт жібермеді. Университет пен кітапхана арасында жүріп кітапханашылардың сүйікті оқырманына айналады. Жаңа ақпаратқа деген сүйіспеншілігі оқу орнын қызыл дипломмен аяқтауына, Лениндік стипендия иегері атануына,  тұлға ретінде өсуіне себеп болды.

Университет қабырғасында Т.Қожакеев, М.Барманқұлов, Х.Бекхожин, Ә.Ыдырысов, А.Мархабаев, З.Тұрарбеков, Т.Дүйсебаева, П.Құсайынов сияқты ардақты ұстаздардан дәріс алды. Осы ұстаздарынан жазудың мақсатын ғана емес, жақсы жазудың жолдарын да үйренді. Журфак-та оқыған бес жылында кураторы болған Тауман Амандосовтың күнделікті күнделікке болса да жүз жол жазу туралы кеңесін сол кездерден бастап әдетке айналдырды.

Алғашқы мақалалары газет беттеріне жоғарғы оқу орынының қабырғасында жүргенде жариялана бастайды. 1972 жылы Талғар аудандық «Алатау жұлдызы» газетінде өзінің туған өңірі Фрунзе совхозының тыныс-тіршілігін баян еткен мақаласы жарық көреді. 1973 жылы ол кездегі «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алашта» «Жетігенде бір жігіт бар», 1974 жылы «Алатау жұлдызы» газетінде «Сушылар», «Көмекші Шопан», 1975 жылы «Жетісу» газетінде «Бригадир жолы» «Лидияның екі бес жылдығы», «Алдабергеннің асуы», «Ұйым жетекшісі» сынды мақалалары жарияланады.

Ержұман Смайыл – кейінгі буын журналистерінің ғана емес, өз замандастарының арасында да айқын көрінетін бір тұлға. Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған құрдастары публицистті аса қадірлеп, өмірінің соңына дейін «Сіз» деп өткен. Алдында әдеп сақтап, бірге оқитын курстастары емес, оқытушыны тыңдағандай тыңдаған. Іс-шараларда төрлерінен орын беріп, құрдас болғандарына қарамастан, үлкендеріндей сыйлаған. Бірақ Ержұман Өтешұлы бұл құрметті дәстүрден бас тартып, бәрімен бірге отыруды жөн көрген. Атақ пен абыройға лайықты адам дегенде өз атын еш атамайтын қарапайымдылығына қарамастан, сырттан көрген адамдар оның қаншалықты алып тұлға болғанын білген. Жоғары оқу орынында да өз қатарының алды болып, көзге түсті. Бірге оқыған курстастары үшін Ер-ағаның дәріс жазған қалың дәптері құдды бір ресми оқулық ретінде танылған. Факультеттегі емтихандардың бәріне дайындалған кезде бұл қалың дәптерден Кез келген сұрақтың жауабы табылатын. Осыдан-ақ Ержұман Өтешұлының жас кезден қаншалықты тиянақты, ұқыпты, білімге адал болғанын көре аламыз. Реті келген жерде қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған жоқ. Белсенділігі, оқудағы озаттығы үшін Лениндік стипендияны да жеңіп алды.

Студент кезінде газет қабырғасында тәжірибеден өтеді. Редакцияға университеттен келіп-кетуші талапкер көп боғланымен, олардың біразы редакцияның тапсырмасына жүрдім-бардым қарап, жағымды мінездеме алу үшін ғана жұмыс істейтін. Ер-аға болса тапжылмай отырып жұмыс істеді, қазылып хат қорытты. Тәжірибесі ең ауыр әрі жауапты насихат бөлімінде өтті. Теориялық материалдар, күрделі мақалалар көбіне орысша түсіп отырды. Солардың барлығын сарыла отырып қазақшаға аударды. Бара-бара шағын материалдарды жазып отырмай, машинкаға айтып отырып аударуға жаттықты. Сол кездегі редакция басшылар аудармаларын өзін қатыстыра отырып қарап, мұртын басатын. Газет жұмысында аударманы айтып отырып аудару ауадай қажет болатын, кейін осы тәсіл оның дағдысына айналды.

Студенттік шақта оқумен, жазумен қатар шаңырақ та көтеріп үлгереді. Жалынды публицист өмірлік жары Жақан Сүлейманқызымен бір сыныпта оқып, кейіннен отау көтерді. Ерте жаста үйленгеніне және жұбайымен жалдамалы пәтерде тұрғанына қарамастан, сынақтардан бұрын жатақхананы жағалап, бүкіл достарын емтиханға дайындайтын. Бір қызы және бір ұлы (Айжан мен Ержан), олардан өрбіген 6 немересі бар.

1976 жылы университетті қызыл дипломмен тәмамдап, алғырлығымен және ұқыптылығымен көзге түскен, өмірлік тәжірибесі бар, білім-білігі толысқан, әр іске жауапкершілікпен қарайтын, тындырымды Ержұманды аталған оқу орыны кейіннен ассистент ретінде жұмысқа алады. Журналистика факультетінде бір жылға жуық уақыт қана қызмет етсе де, студенттеріне өмір бойына жететін тағылым көрсетті. Сол кездегі студенттерінің арасында Жұмабек Кенжалин, Қайыммұна Тәбеев, Шархан Қазығұл, Мейрамбек Төлепберген, Қайнар Олжай, Әмір Оралбай тәрізді кейіннен ортасынан озық шыққан азаматтар болды.

Бірақ бұл жерде ұзақ кідірмейді. Әскери борышын теңіз флотында атқарып, қарбалас жұмысқа үйреніп қалған еңбекқор жас ұстаздықтың жайбасарлығынан жалығып, алты айдан соң газетке келеді. Оқу орынын бітіргеннен кейінгі өмірін қазақтың баспасөзімен байланыстырады. Ғалым болып ғылым қууға мүмкіндігі де, қарым-қабілеті де бола тұра, тілшілікке бет бұрады.

1978 жылы көктемде тәжірибе барысында өзінің алғырлығымен, жазуға деген қабілетімен көзге түскен Ержұманға көп студент тілші болуды армандаған «Социалистік Қазақстанның» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») есігі ашылады. Ел газетінде жүріп 1977 жылы «Октябрьмен оянған өлке», 1978 жылы «Тұғырдағы трактор», «Қашқын», 1979 жылы «Балқаш баспалдақтары», «Маринов маржандары», «Қолда – қайла, арқасында – автомат»  т.б. тақырыптарда мақала жазады.

Ол газетке келген жылы бас редактор Сапар Байжанов, оның орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы болды. Қызметін бастаған екінші күнде орынбасар Қыдырбекұлы кабинетіне шақырып сөйлеседі және туған ауылы туралы газетке мақала жазбауды тапсырады. «Социалистік Қазақстан» газеті қабырғасында жүрген уақытта Әбдібек Нұрмағамбетов, Қаби Мыңжанов тәрізді буын қатарының кейінгі өкілдерінің, алып жазушыларымыздың көптеген кітаптарын машина арқылы басуда қызмет атқарған Халима Үсіпова, Бибіш Батырбекова, Сәнім Мырзабекова сияқты апайлардың көзін көрді. Кейінірек тілшілік қызмет барысында Хайдар Баймұхамбетов, Сыдық Алдабергенов, Уахап Қыдырханов, Тәжібай Битаев, Мағзұм Көшеков, Бекділда Абдуллин, Хамидолла Рахматуллин, Пернебек Бейсенов, Мыңбай Ілесов, Тәжібай Битаев, Совет Шимбаевтармен, баспаның талай жылғы тәжірибесі бар журналистерімен қызметтес болды. Сонымен қатар, беделі жоғары хатшылардан кем түспейтін мешікті тілшілер: шымкенттік А.Жолдасбековпен, өскемендік М.Әбуғалиевпен, көкшетаулық Б.Нұрпейісовпен, алматылық С.Кәрібаевпен, жезқазғандық Ш.Сүлейміновпен, оралдық Б.Ырзабаевпен, талдықорғандық С.Мұхаметшимен де таныс болды. Осы сыйлы журналистердің бәрінен газетке деген үлкен құрмет пен «газет тәртібі» қағидаларын үйренді.

Бұл баспаға қызметке келген тілшіні жұмыс барысында бірінші хат бөлімшесі сынап көретін. Аталған «газет тәртібіне» бағынғандардың қатарында сол кездегі машинисткалар, корректорлар, хат тіркеушілер, қабылдау бөліміндегі адамдар да болды. Осы қағидамен ысылған, тәрбиеленген жас тілшілер кейін елге танымал ақындар мен жазушыларға, ғалымдар мен белгілі журналистерге айналды.

Өізнен жасы үлкен ағалары оның алғырлығына, жауапкершілігіне тәнті болып, сенім артқандары сонша, жазған мақалаларына, жариялауды жоспарлаған дүниелеріне қол ұштарын тигізбей, тікелей баспаханаға жіберетін. Іскерлігінің, ісмерлігінің күшімен ол зиялылардың арасынан ерте орын алды. Талабы пен талғамы айтарлықтай келіскен, өзгелер сеніп тапсырған істен қашпай, бойындағы бар күшімен атқаруы, ала жіпті аттамай, барын бағалай алуы Ер-ағаға көп абырой әкелді. Қандай жұмыс болса да, белін бекем буып, дайын тұрды. Газеттің қара жұмысын да, өзінің шығармашылық жеке жұмысын да тыңғылықты орындады. Осылайша, өз саласындағы қазақтың қабырғалы қаламгерлеріне жақсы танылды.

Дина ЛИТПИН

Пікірлер