Жапония әсерлері. Тулаған Жапон теңізі

1212
Adyrna.kz Telegram

Жапония дегенде кез-келген жанның ойына бай мәдениеті, қызықты тарихы, таңғажайып пейзаждары мен ерекше тағамдарымен танымал ел оралады. Оны көру, саяхаттау әркімнің де арманы болар.

Өз басым Жапонияға сонау студенттік шақтан тәнті болдым. Мамандығым географ болғандықтан дүниежүзіндегі барлық елдің жағдайын қызыға оқыдым. Соның ішінде барынша ынтық еткен ел осы – Жапония болды. Неге дейсіз бе? Қазба байлық пен отындық ресурстарға кедей елдің әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған ел болуы мені өзіне баурады. Содан болар жапон тілін өз бетімше үйрене бастадым. Ол кезде тіл үйрететін «орталықтар» түсінігі жоқ болатын. Не керек, жапон тілі маған қиын болмады. Өзім қытай тілін жақсы білетіндіктен олардың иероглифтерін түсіну, жаттау оңайға соқты, оның үстіне қазақ тілімен граматикасы өте жақын екен. Алайда, дәм тартпаса бекер ғой, жұмыс орнымдағы басшылар жоқтан өзгені сылтау етіп жібермеді. Ол кез сондай еді, адамдық еркіндік, асқақ арман өкіметтің шешімімен ғана орындалатын немесе топыраққа көміліп, жүрегіңде шемен болып қала беретін. Шіркін қазіргі заман сол кезде болса ғой, қолымды бір сілтеп кетіп, білім мен тәжірибе жинап елге оралар едім....

 

Қазіргі жастарға мүмкіндік көп, кім боламын десе, соған сай талпынып оқыса, еңбек етсе ол ойының іске асуы бек мүмкін. Амал не біздің жастық шағымыз әне сондай бұғауда өтті...

Арада қаншама жыл өткенде «Орта Азияның қазіргі геосаяси кеңістігіндегі мүделер ықпалдастығы: Экономикалық интеграция және ұлттық қауіпсіздік факторлары» атты ғылыми жобамның талабымен Жапон еліне табаным тиді. Орталық Азия елдері мен түркі тілдес халықтар туралы ғылыми зерттеудің бір мектебі осы Жапонияда. Түркологияның әлемдегі маңызды ошағының бірі осы ел. Алайда, бұл елге ат басын тіреп, ғылыми ізденіспен келген ғалымдар аз. Оған түрі себептердің әсері болса керек. Мақсатым – халықаралық конференцияға қатысып, ғалымдармен ынтымақтастық орнатып, тарихи құжаттарды жинау.

Әлқиса, үстегі жылдың наурыз айының 19-ы күні түнгі рейспен Сеулге ұштым, ертесі таң қылаң иектеп атып келе жатқанда әуежайға қондым. Екі сағаттық үзілістен соң Осака қаласын бетке алдым. Көктемнің мазасыз күні ұшақ теңселіп, дірілдеп келеді. Терезеден қарап едім сонау шыңырауда ақжағал толқындары тулаған Жапон теңізі көрінеді. Бірде сұрғылт, бірде ақшулан, ал бірде қара-көк түске енген толқындар тым ашулы секілді. Тулаған теңіз үстінде балықшы кемелері тербеледі. Әне-міне дегенше құрлықта көріне бастады, бұл - 1960 жылдары салына бастаған жасанды арал үстіндегі Кансай халықаралық әуежайы болатын. Иә еріксіз таңданасың, жердің аздығынан теңіз үстіне жасанды арал жасап, оның үстіне халықаралық деңгейдегі үлкен әуежайды салу екінің бірінің қолынан келмес ұлы іс.

Ұшақтан түсе бере дауылдың екпінін шын сезіндім. Кішігірім бала-шағаны қалбақ қаққызып алып кетердей тегеурінді. Күнде суық, теңізден соққан ызғарлы желден ықтай жүгіріп терминал ішіне кірдім. Кедендік тексеруден өтіп, сыртқа беттедім. Мақсатым Киота қаласына жету. Сол жерде өтетін 22 наурыз күнгі халықаралық ғылыми-практиалық конференцияға қатысу, баяндама жасау. Бірақ, Киотаға қалай барарымды білмеймін. Киотадағы жапондық дос ғалымға хабарласу үшін маған интернет керек. Бір жақсысы терминал ішінде Wi-Fi бар екен, соған қосылдым да Киотадағы досыммен сөйлестім. Ол маған терминалдан шығып, оңға бұрыл, сол жерде автобустар тұрағы бар, №8 тұраққа барсаң Киотаға келетін автобус тұрады -деді. Сыртқа шығып едім 50-60 жапондық адамдар автобус күтіп кезекте тұр. Мен оңға бұрылып жүріп едім  ешқандай автотұрақ көрінбеді. Не істерімді білмей қайтадан терминалдың залына кірдім. Ол жерде телефон нөмірлерін сатып бір жапон қызы тұр, соған барып ағылшынша «Сим карта бар ма?» -деп сұрадым.

- Жоқ, - деп жауап берді.

- Сыртқа шықсам Wi-Fi істемейді, маған интернет керек, №8 автотұрақты таппадым дедім. Ол жапон тілінде, жартылай ағылшынша бірдеңелерді айтты. Мен түсінбедім. Содан Киотадағы досыма ватсап арқылы байланысып, мына қызға түсіндіруін өтіндім. Ол телефонды қызға беріңіз,» -деді. Мен телефонды оған беріп едім, ол қыз жауап бермей басын ала қашты. «Өтінем, жауап беріңіз, ол менің досым, ол жапон» деймін ағылшын тілінде. Ол «жоқ» деп басын ала қашады, басқа шарам жоқ мен де қоямаймын, не керек бір кезде ол қыз да менің қайтпасымды біліп телефонға жауап берді. Сонда түсіндім: ол қыздың қолында қазір сим карта жоқ, тек интернетті жалға алуына болады, бірақ сим картаны Жапониядан қайтарда осында әкеліп өткізіп кетуім керек екен. Оның үстіне №8 тұраққа бару үшін сырттағы адамдармен бірге келетін автобусты күтуден басқа шара жоқ екен. Сыртқа қайта беттедім де олардың соңын ала барып тұрдым. Өңмеңдеген суық жел денемді құрсап барады. Байқасам кезекте тұрған адамдардың ішінде қарт кісілерде бар. Бірақ ешкім оларға орын беріп, алдыңғы жаққа өткізіп жіберген жоқ, олар да ешкімге өтінген жоқ. Кенет інде біршама адам бар бір автобус келіп тоқтады. Адамдар жаурап тұрса да, кезектерін бұзбаған күйі автобус ішіне кірді. Алайда жүргізуші дауыстап, көліктен бірқанша адамды сыртқа шығарып жіберді.  Сонда білгенім автобус есігі еркін ашылып-жабылуы және жолаушылардың қысылмай тұруы шарт екен.

Жел ұлып тұр, шарпыммен тұмшаланып, келесі автобусты күтіп тұрмын. Кенет көзім алдыңғы жаққа түсті. Шамамен біз тұрған жерден 200 метр жерде тағы бір аялдама бар екен. Автобус сол жақпен келетіндіктен сонда тұрған адамдар бізден бұрын автобусқа шығып алатын көрінеді. Біздің жақтағылар оны көріп тұр. Бірақ ешкімі ол жаққа өтіп, автобусқа отыруды ойлап тұрған жоқ. Тоңғаным сонша қарсы жаққа өте шығып «елден бұрын көлікке мініп алсам қайтеді?» деген ой басыма сап ете түсті. Бірақ табжылмай  тұрған жасы мен жасамысы, еркегі мен әйелі бар жапондарды көргенде еріксіз ол ойымнан бас тарттым. Іштей ойлап қоямын: Біздің елде болса, бәріміз жабылып алдыңғы аялдамаға өтіп аламыз да, жапа-тармағай көлікке мініп, қысылсақ та, қымтырынсақ та кетер едік-ау деп....

Автобустар  арасына 10-15 минут салып келіп тұрды. Міне тағы екі автобус келіп кетті. Тағы сол көрініс. Артық жолаушы баспаған олар өз жөндерімен жөнелді. Деседе, біртіндеп алдыңғы қатарға жеттім. Әр автобустың келіп-кетуіне 10-15 минут уақыт кетседе, соның өзі бер-екі сағат өткендей зорға төздім. Келесі келген көлікке аяғым тиді әйтеу. 20-30 минут жүрген соң тағы бір терминалға жеттік. Күн жауындата бастады. Бір байқағаным жапондықтар өз тілінен өзге шет тілін сирек білетін секілді немесе білсе де қолданбайтын көрінеді. Бағана жапондық досым айтқан №8 авто тұрақты сұрасам ешкім дұрыс түсіндіре алмайды. Енді қалай жүрсем деп тұрғанымда бір әуежай қызметкері кездесе кетті. Ол мені тыңдады да: «English» деді де, мені ертіп апарып бір әйелге түсіндірді. Сол әйел ағылшынша біледі екен. Жәйімді түсінген соң бағытымды көрсетіп жіберді. Үлкен есіктен шығып оңға бұрылғанымда бағанағы досым айтқан №1 бастап ретімен тұрған автотұрақтарды көрдім. Салып ұрып №8 автотұраққа бардым. Қолымның оң жағында адамдар топтасып билет алып жатыр екен, мен де кезекке тұра қалдым. Терезенің арғы жағында билет сатып бір жапон әйелі отыратын шығар, оған Киотаға барам деп паспорт пен ақша ұсынсам түсінер деп ойлап қоямын іштей. Кезегім келіп жетіп барғаным сол еді, көңілім су сепкендей басылды да қалды. Билет сататын терезе орнында автоапарат тұр. Барлығы жапонша жазулы. Енді не істеймін? Кімнен көмек сұраймын деп тұрғанымда қасымдағы автобелет сатқышта тұрған екі қыздың қытайша сөйлеп тұрғанын құлағым шалып қалды. Оларға қытайшалап көмектесулерін өтіндім. Олар бірден көмекке келіп, түсіндіріп қалай билет алу керектігін көрсетті. Оларға рахметімді айтып автобустың расписаниясына қарап едім, 15:30 жүреді деген ескертпені оқыдым. Әлі 15 минут бар екен. Терминал ішіне кіріп телефоныма сим карта алуды ойладым да, терминал ішіне беттедім. Ұялы телефонға сим карта сататын бір топ жас қыздар тұр екен. Ең шеткі стөлде тұрған екі қыз өз стөлдерінің шетіне «қытай тілінде» деген сөзді қытай иероглифімен  жазып қойыпты. Қуана басып жетіп бардым. Осы сәт есіме 2015 жылы Венгрияға қысқа мерзімді оқуға барғандағы бір жағдай түсті. Бір күні Будапешт көшесінде келе жатып, бір дүкенге бас сұқаным бар. Сондағы сатушы орта жасар орыс әйелі екен. Менің Қазақстаннан келгенімді білген соң орысшалап әңгімесін төкпесі бар ма? Байқұс әбден елін сағынып қалса керек, екеуіміз бейне бір жақынымызды көргендей біраз шүйіркелескен едік. Енді міне қытайша білетін адамды көріп шыны керек қуанып қалдым. Бағанағы жапон қызының зәрезеп болған бейнесінен соң, көңілім қайтып қалғандай еді.  Өзім білетін тілде сөйлесетін адамның болғаны қандай жақсы. Олар да менің қытайша сөйлегеніме разы болып қалды. Телефоным бір ғана симкарталық болғандықтан, олар маған интернетті жалға алуды ұсынды. 8 күн үшін 4500 йен төледім. Асыға басып сыртқа шықтым да №8 автотұраққа беттедім. Келе сала автобус бауырындағы жүк салғышқа чемодандарымды салуға оқтала бергенімде шыттай киінген, қызмет формасы бар жігіт ағасы келді де жапон тілінде бірдеңе деп, мені ішке кіруге өтініш білдірді. Өз  жүгімізді өзіміз басып, өзіміз түсіріп үйреніп қалған бізге сәл тосын сезіледі екен. Оған қарайлай басып көлік ішіне ендім. Дәл сондай мұнтаздай форма киінген тағы бір жігіт ағасы рөлде отыр екен, «Коң ни чива» деді жылы шырай танытып, кезінде үйренген сөзден есте қалған сөз болғандықтан мен де   «Коң ни чива»    дедім басымды иіп. Шағын автобус іші тап-таза. Мен өз орныма жайғастым. Дәл 15:30 көлік орнынан қозғалды.

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ғылым кандидаты, шығыстанушы

 

Пікірлер