Су тасқыны салдарынан елімізде 64 мыңға жуық тұрғын өз үйлерін тастап, эвакуацияланды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Атырау облыстық ТЖД 1 сәуірден бері тасқын су қаупінен 26 467 адам эвакуацияланғанын, оның ішінде 5 976 бала бар екенін хабарлаған.
Сондай-ақ, Құлсары қаласында 2 810 тұрғын үй және инфрақұрылымдарды су басып, 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
«Қазір Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тасықан судан қорғайтын бөгетті нығайту жұмысы жалғасып жатыр. Оған жергілікті атқарушы органнан 1 135-ге жуық, төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің, әскери бөлім қызметкерлері, 4640 еріктілер мен тұрғындар жұмылған. Бұл жұмысқа 204 техника, 6 жүзу құралы, 4 мотопомпа тартылған. Тасқын суға қарсы құм толтырылған 46 352 қап, 174 372 тонна инертті материал төселді», - деп хабарлады ТЖД қоғаммен байланыс тобы.
Құлсары қаласына көмекке Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінен арнайы көмектер де келген. Су тасқыны апатынан соң Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3391 жеке тұрғын үй, 1059 саяжай және 79 түрлі мақсаттағы ғимарат су астында қалған.
«Қазіргі уақытта 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның 45-і мүмкіндігі шектеулі адамдар, 15 283-і балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 13 328 адам бар, оның 6 742-сі балалар. Психологтар жұмыс істеуде. Барлық қажетті көмек көрсетілуде. », - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды жою департаментінің басшысы Қаһарман Оразалин брифинг барысында.