Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейде жүрген отандастарға жеке құжаттарын өзімен бірге алып жүруге кеңес берді. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
"Азаматтарымыздың өзімен бірге жеке құжаттары және сол елде болу мақсаты болғаны дұрыс. Әзірге біздің елшілікке біреуді ұстады, заңсыз ұстап отыр деген шағымдар түскен жоқ. Егер қандай да бір тексерістер болса, бұл жай ғана тексеріс", - дейді Айбек Смадияров.
Айтуынша, Ресейде қауіпсіздікті күшейту бойынша қабылданған шаралар – қалыптасқан жағдайда қалыпты практика.
"Өз аумағында ірі теракт болған кез келген мемлекет қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды, әрине. Жергілікті билік те, соның ішінде құқық қорғау органдары да қажетті шараларды қолға алады. Сол себепті біреуді ұстады және тексеріп жатыр деген жаңалықтар – қалыпты жағдай", - деп түсіндірді Смадияров.
Естеріңізге салайық, 22 наурызда Мәскеу маңындағы Красногорск қаласындағы "Крокус Сити холлда" бетперде киген белгісіз адамдар концерт алдында көрермендерге оқ атқан болатын. Теракт салдарынан қаза болғандар саны 140 адамнан асты.