Айкөркемнің қазасына қатысты аппелляция. Ақталған адам сотталды

616
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханды өлтірді деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұман жеті жылға сотталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Жан Күнсеркин үкімге қанағаттанғанын айтты.

– Ол сот залында қамауға алынды. Ақтау үкімі бұзылып, соттылық үкімі қайтарылды. 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімге қанағаттандым. Бірақ әзірге жалпы нәтижеге көңілім толады деп айта алмаймын. Бірақ мен бүгінгі үкімге қанағаттанғанымды тағы қайталаймын, - деді ол.

Ал Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан үкімге келіспейтінін айтты Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.

– Іс «Билікті асыра пайдалану» емес, «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуі керек еді. 7 жыл деген не ол? Екі жылдан кейін-ақ шығып кетеді, — деді Айкөркемнің әкесі Азаттыққа.

Бүлдіршіннің әкесі көлікке оқ атқан бес сарбаз екенін айтып, басқаларын табуды және істі «Адам өлтіру» бабымен жүргізуді талап еткен.

Алайда тергеу «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша жүргізілді және бір ғана күдікті болды.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы гарнизоны әскери соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды ақтап шыққан болатын.

Еске салайық, 4 жастағы Айкөркем Мелдеханға әкесі және екі бауырымен көлікте болған кезде оқ тиген. Оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында болған.

Пікірлер