Даланың селі үшін қаланың әкімі қатаң сөгіс алды

616
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының әкімі Мейіржан Сатқановқа су тасқынына байланысты қатаң сөгіс жарияланды. Мұндай шешімді облыс басшысы Нариман Төреғалиев қабылдады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі облыстық жедел штаб отырысында Төреғалиев қала билігінің табиғи апатқа дайын еместігін баса айтты.

«Сіз су тасқынына дайын болмадыңыз. Тіпті, қала әкімдігінің ғимараты да суға астында қалды. Мұның бәрі жауапсыздықты көрсетеді. Кеше-бүгін қаланы аралап жүрмін, кейбір шағын аудандарда мен келгенде жұмыс енді ғана басталып жатыр. (...) Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеуі керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңыздар», - деді облыс әкімі.

26 наурызда Оралда қатты жаңбыр басталды, синоптиктердің болжауынша, ол бірнеше күнге созылады. Еріген қар суы және жаңбыр суы тек шет аймақтарды ғана емес, орталықты, атап айтқанда, әкімдік ғимаратын басып қалды.

Кәріз құбырларын еріген қар суы басып қалғандықтан, қала тұрғындарына ауыз су беруге шектеу қойылатыны туралы да ескертілді.

Орал апталығы жазғандай, Батыс Қазақстан облысында қазір тек әкімшілік орталықты ғана емес, шағын елді мекендер де суға батып жатыр. Оның үстіне ондағы жағдай «сағат сайын күрделене түсуде». Теректі, Қаратөбе, Казталов аудандарындағы ауылдарға еріген қар суы келуде. Төтенше жағдайлар қызметкерлері сол жерден тұрғындар мен малдарды эвакуациялауда.

Пікірлер