Тоқпағы мықты құмар ойын қайтсе құрықталады? Депутат пайымы

767
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Парламент Мәжілісінде «кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Педагог - депутаттың пайымы қандай?

Аталған заң жобасы құмар ойынға қатысты компаниялардың жұмысына қаншалықты шектеу енгізеді және ол косметикалық заң жобасы болып шықпай ма? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовке қойдық.

– Құмар ойынға қатысты заң букмекерлік кеңселердің жұмысына қаншалықты тегеурінді бақылау орната алады?

– Заң жобасы құмар ойынын ұйымдастыратын адамдарға қолайсыз болмақ. Аталған заң бойынша ойын бизнесінің иегерлері жүздеген миллардтаған табысын жоғалтады. Өйткені жарнамадан бастап адамның жасына дейінгі өте үлкен шектеулер бар.  Жалпы осы бизнесті шектейтін нақты нормалар қарастырылды. Сондықтан да әрине бұл ойын бизнесі иелерінің мүддесінен шықпайтыны анық. Біздің мақсатымыз жалпы азаматтардың осы бір үлкен проблемадан қорғау және құтқару.

Қазір үлкен мегаполистерде құмар ойынды насихаттайтын үлкен билбордтар көбейіп кетті. Бұдан былай құмар ойынды насихаттайтын жарнама қоғамдық орындарда қойылмайды. Бұл -  компания өкілдеріне үлкен соққы. Бұл – бір. Екіншіден, заң жобасында 25 жасқа дейінгі адамдардың құмар ойынын ойнауына шектеу енгізіліп жатыр. Ал алимент бойынша қарызы бар адамдарды тіпті ойынатпау туралы норма заң жобасында енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі құмар ойын артында тұрған адамд үшін үлкен соққы.

– Футболдан Қазақстан премьер-лигасының бас демеушісі –  "Olimpbet"  букмекерлік кеңсесі. Аталған компания өзіне жарнама жасау мүмкіндігінен айрыла ма?

– Қазір бізде Дене шынықтыру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң жобасы шеңберінде біздің депутаттар түзету берді. Ол бойынша футбол лигасының атын қазіргіден өзгерту қарастырылып жатыр. Жұмыс тобында бұл мәселе қарастырылды. Сондықтан бұл жұмыс басталып кетті деп айтуға да болады.

– Құмар ойынның артында үлкен лобби тұрғаны белгілі. Сіздердің оларға тегеурінді қарсылық көрсетуге шамаларыңыз келе ме? Косметикалық заң болып шықпай ма?

– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Өйткені қазірдің өзінде бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесін өткізді. Ұлттық құрылтайда да тиісті тапсырма берді. Үкіметте заң жобасының қорытындысын жылдамдатып бізге жіберді. Енді қазір нақты жұмыс басталды. Заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл заң жобасында жаңа өзіңізге айтқандай маңызды нормалар қарастылып отыр. Сондықтан бұл нормалар нақты және қордаланған проблеманы шешуге септігін тигізетін оң нормалар деп айтуға болады. Қадам-қадаммен ары қарайда бұл мәселені шешуге мүмкіндіктер жеткілікті деп санаймын.

Шынар Ақжанқызы

 

 

Пікірлер