Алматыда бас қосқан бақсылардың жиынына күле қарап келемеждеп отырғандарды байқадым...
Бекер күлесіздер...
Атақты жазушы Сәбит Мұқанов коммунист болғанын білесіздер...
Ал коммунист деген – априори атеист, яғни дінсіз...
Сол коммунист Сәбит Мұқанов өзінің бала күнінде бақсының зікірлерін көргенін жазады...
Жалаңаяқ қып-қызыл шоқтың үстінде билеу, қып-қызыл боп қызған темірді тілімен жалау секілді бақсы жасай алатын көптеген ритуалдарды Сәбең керемет суреттеген...
Сондықтан, егер сіз сенбейтін болсаңыз, ол жоқ деген сөз емес...
Себебі, исламға дейін де мыңдаған жылдар адам өмір сүрді, әр қауым өздерінше бірдеңеге сенді...
Қазақ мәдениетіне үлкен ықпал тигізген келесі діни нанымдардың бірі шаманизм болды.
Шаманизм ұғымы ғылыми әдебиетке XVІІІ ғасырда енгенмен, ол туралы айқын түсінік әлі қалыптасқан жоқ.
“Шаманизм” термині әр түрлі мағынада қолданылады. Кейбір зерттеушілер шаманизм дін емес, себебі онда құдай туралы түсінік жоқ десе, басқалары оны діннің әмбебап формасы деп санайды.
Бұл құбылысты ғылыми бағалауда да қарама-қарсы көзқарас бар. Шамандық қасиеттің психикалық науқаспен байланысына басты назар аударған зерттеушілер, оны ессіздікке табыну (культ безумия) деп қарастырса, ғалымдардың басқа бір тобы қазіргі психоанализдің түп бастауы деп бағалайды.
Шаманизмді зерттеген еуропалық ғалымдар көп құнды пікірлер айтқанмен, ғылымдағы еуроцентристік көзқарас шеңберінде қалып қойды. Шаманизм олар үшін бөтен мәдениет туындысы болғандықтан, еуропалықтар оған экзотикалық құбылыс, архаикалық дүниетаным рудименті ретінде қарады, ал бұл шаманизмге әділ ғылыми баға беруді қиындатты.
Шамандық дінді жүйелі түрде, оны қалыптастырған мәдени жүйемен бірлікте, тұтастықта зерттеген ғалымдар Д. Банзаров пен Ш. Уәлиханов болды. “Шамандық дегеніміз, – дейді Шоқан, – әлемді, дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлеңдердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау. ...Шамандық сенім табиғатқа бас иеді”. Қоғамдағы шаман рөлін де қазақ ғалымы басқа тұрғыдан бағалайды: “Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары ретінде саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған”.
Қазақ халқының арасында шаман атауына қарағанда #бақсы атауы кең таралды. Біздің пайымдауымызша, бақсылық шамандықтың инварианттылығы, яғни халық тұрмысына икемделген нұсқасы болып табылады.
Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек.
Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған. Орталық Азия мен Қазақстанда ислам діні таралу барысында шамандық көне наным- сенім ретінде шеттетіле бастайды.
Енді олар жын-шайтандармен байланысқа түсе алатын адамдар ретінде қабылданады. Қоғамда шамандарға қатысты екі ұшты ұстаным қалыптасады. Бір жағынан, олардан қорқады, өйткені олар адамға кесір келтіруі мүмкін. Сондықтан бақсылар ауылдың шетіне оңаша қоныстанады. Күнделікті тұрмыста мұқтаждықсыз оларға бара бермейді.
Екінші жағынан, сыры беймәлім сырқатты тек бақсы ғана емдей алады деп саналады. Сондықтан бақсысыз аурудың алдын алу мүмкін емес.
Ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады.
Сайрамсу бойындағы Қарасорада өмір сүрген, Нұрман бақсы туралы әңгімені бала күнімізден естіп өстік.
Ол туралы, кәдімгі орақты отқа қып-қызыл етіп, қыздырып тілімен жалайтыны, шоқ үстінде жалаңаяқ секіретін еді, - деген әңгімелер бізге ертегі сияқты көрінетін.
Оның қобызы Төлеби Ауданы, Оңтүстік ауылында, немересі Темірдің үйінде сақтаулы тұр. Бала күнімізде, ол қобыз әр жұма сайын қиқылдап, үн шығарады деп естуші едік, сондықтан, сол үйдің қобыз тұрған бөлмесіне кіруге сескенетінбіз...
Omir Shynybekuly