Ақмола облысында "ауылды су басты" деп ашынған халық жолды жауып тастады (ВИДЕО)

1234
Adyrna.kz Telegram

26 наурыз күні кешке Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қоянды ауылының ондаған тұрғыны ауыл әкімдігінің маңындағы жолды жауып тастады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы шаралар мәселелеріне назар аудару үшін жиналды. Куәгерлер түсірген кадрларда адамдарды полиция мен СОБР қызметкерлері ұстап тұрғанын көруге болады.

Оқиға орнына аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков пен Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Қанат Доспаев келді. Шенеуніктер жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, мән-жайды анықтады. «Сағат 22:00-де барлық жолдар ашық, тұрғындар тарап жатыр», - деп сендірді әкімдік.

Сондай-ақ, әкімдік тас жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтті: «Заңды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылу бар екенін ескертеміз».

Қазіргі таңда Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде. 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Қарды шығаруға 10 бірлік көлемінде инженерлік және арнайы техникалар жұмылдырылған. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, 46 су өткізгіш құбырлар тазартылды. 35 мың текше метрден астам еріген су сорылды.

Пікірлер