Алматыда қазақ бақсыларының тұңғыш құрылтайы өтті

821
Adyrna.kz Telegram
Фото: arasha.kz
Фото: arasha.kz

Бүгін, 24 наурыз Алматыда қазақ бақсыларының тұңғыш құрылтайы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Arasha.kz сайтына сілтеп. 

Ақпаратқа сәйкес, құрылтай дәстүр бойынша адам жанын тазалаудан басталды. Ол үшін қобыздан күй шертілген.

Құрылтайды тарихшы, жазушы, ақын, композитор, сценарист, режиссер, тележүргізуші, көріпкел Арман Нұрмұханбетов жүргізді.

Оның айтуынша, Құрылтайды өткізуге дайындалып жатқанда түрлі кедергілер болған.

«Құрылтайды екі әдемі қыз жүргізеді деп жоспарлағанбыз. Бірақ біреуінің анасы ауырып қалды, екіншісі қорқып шықпады. Сондықтан бүгін Құрылтайды өзім жүргіземін деді», – ол.

Арман Нұрмұханбетов бүгінгі Құрылтайдың мақсатына тоқталып өтті.

«Біріншіден, қасиет деген құбылысты тіптен қасиеті бар адамдар да түсінбейді. Қасиет арқылы алдымен ем саламыз, жол ашамыз. Қасиет деген тереңірек құбылыс. Мәселен, қасиет жырауларда болған. Олар хандарға түйіні жоқ сұрақтар бойынша кеңес берген. Қасиет деген Тәңіршілдіктің негізі. Шеберлер, ақындар, жыраулардың бәрінде қасиет болған, солар арқылы біздің мәдениетіміз қалыптасты, солар арқылы Ұлы даланың өркениеті қалыптасты», – дейді Арман Нұрмұханбетов.

Айта кетейік, бақсылық – шаманизмнің осы күнге дейін жеткен сарқыны. Бақсы деп өзге тылсым әлеммен байланыс орнатып, ондағы түрлі рухтармен байланыс жасай алатын адамды айтқан. Бақсылар «әулиелерді» «аруақтарды», «періштелерді» шақырып, олармен тілдесе алады, адамның жаулары – дәу,пері,шайтан, албасты, жын, марту, тағы басқа мен күреседі деген сенімде болған. Бақсыларға тән ерекше қасиеттердің бірі – емшілік (тәуіпшілік). Бақсылардың бәрі қобыз тартып, зікір салып, түрлі емдер жасайды. Оның қамшысы тиген адамның денесіне кірген шайтандар қашып, барлық сырқатынан құлан-таза жазылып кетеді деп сенген.

 

Пікірлер