Путин әлі үнсіз. “Крокус” құрбандарының саны 93-ке жетті. Қаза тапқандардың алғашқы тізімі жарияланды

1958
Adyrna.kz Telegram

Crocus City Hall ойын-сауық кешенінде болған теракт салдарынан қаза тапқандар саны 93 адамға жетті, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ресейдің Тергеу комитетінің ақпаратына сілтеп.

Тараған ақпаратқа сүйенсек, тергеушілер, криминологтар мен Ресей Тергеу комитетінің сарапшыларынан құралған тергеу тобы қылмыстық істі зерттеудің егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Төтенше жағдайлар қызметі үйінділерді тазалауда, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде, зардап шеккендермен жұмыс жүргізіліп, концерт залының ғимаратын тексеру және заттай айғақтарды алу жалғасуда.

"Қазіргі таңда қаза тапқандар саны 93 адам екені анықталды. Қайтыс болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Алдын ала мәліметтер бойынша, адамдардың өліміне оқтан жарақаттану және жану өнімдерінен улану себеп болған", - делінген хабарламада.

Мәскеу облысының денсаулық сақтау министрлігі Крокустағы терактіден кейін қаза тапқандардың тізімін жариялады. Алғашқы 37 адамның аты-жөні анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні кешке Ресейдің Крокус Сити Холлында белгісіз біреулер ірі теракт жасаған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ондаған адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған. Крокус Сити Холлдағы терактіге байланысты Қазақстан азаматтары үшін сенім телефоны ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атынан Мәскеудегі Крокус Сити Холлдағы лаңкестік әрекетті қатаң айыптады. Айта кетейік, Украина лаңкестік әрекетке қатысы жоқтығын бірден мәлім етті.

Пікірлер