Мәскеудегі шабуыл анықталмай жатып Ресей мен Украина бет жыртысты

997
Adyrna.kz Telegram
Reuters суреті
Reuters суреті

Crocus City Hall концерт залына жасалған шабуыл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк түсініктеме берді. Оның айтуынша, Киевтің бұл шабуылға еш қатысы жоқ. Ал Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев лаңкестердің Киевтен шыққаны анықталса, күшке күшпен жауап беру керегін айтқан.

«Ресейдің Мәскеу облысындағы Крокус-Ситиде белгісіз тұлғалардың араласуымен лаңкестік әрекеттер болды. Бұл оқиғаға Украинаның мүлдем қатысы жоғын атап өтейін», - деген Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк.

Подоляк Украинаның ешқашан лаңкестік соғыс әдістерін қолданбайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол наурыз айының басында Батыс елдерінің елшіліктері алдағы экстремистік әрекеттер туралы ескерткенін еске салды.

Бұдан алдын Украина жағында соғысып жатқан Ресейдің еріктілер корпусының өкілдері Мәскеудегі оқиға жайында оған өздернің қатысы жоғын айытп мәлімдеме жасаған болатын. Ресейде бұл топ «террористік ұйым» деп танылып, тыйым салынған. Олар Белгород облысында соңғы апталарда жиілеп кеткен тұрақты рейдтер үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

Соңғы оқиғаға қатысты «Бұл біз емес», - деген Ресей еріктілерінің өкілі Novaya-Europa-ға.

Ал Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев өзінің Telegram-арнасында лаңкестер тек қана террормен беретін жауапты түсінетінін және күшке күшпен қарсы тұру керектігін айтқан.

«Егер бұл Киев режимінің лаңкестері екені анықталса, олармен және олардың идеологиялық дем берушілерімен басқаша әрекет ету мүмкін емес. Олардың барлығын террорист ретінде тауып, аяусыз жою керек. Соның ішінде осындай қиянатқа барған мемлекеттің шенеуніктері де бар», – деп жазды ол.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Путинге атыс басталғаннан кейін алғашқы минуттарда-ақ хабарланған. Песков Путиннің не болып жатқанын және қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты барлық тиісті қызметтер арқылы үнемі алып отырғанын айтты.

22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall концерт залында атыс болған. Бейресми мәліметтерге қарағанда атыстан кем дегенде 40 адам қаза тауып, жүздеген адам жаралануы мүмкін.

 

Пікірлер