22 наурызда туғанына 122 жыл толды

1943
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — қазақ жазушыларының арасында бірінші болып социалистік Еңбек Ері алтын жұлдызымен марапатталған белгілі драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің туған күні.

Халық жазушысы қазіргі 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл араб тілінен аударғанда «Құдайдың құлы» деген мағынаны білдіреді.

Ауыл молдасынан арабша хат таныған ол әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіреді. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер-ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді.

Ғабит Мүсірепов 1918-1921 жылдары Пресногорьков станциясындағы жоғары жеті жылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Ал 1923 жылы жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Орынбордағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Бұл білім ордасында әлем әдебиеті саңлақтары мен XIX ғасырдағы орыс классиктерінің шығармаларымен танысады.

1926 жылы рабфакты бітірген соң, Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтында бір жыл оқып, 1927–1928 жылдары Бурабай техникумында оқытушылық  қызмет атқарды. Тұңғыш шығармасы – «Тулаған толқында»  повесін осы тұста жазды. Бұл туынды 1928 жылы жарық көрді. Мұнда революцияның қиындығын көрген, бақыт пен еркіндік үшін аянбай күрескен адамдар жайлы айтылғандықтан, шығарма бірден оқырмандардың қызығушылығын оятты.

Осыдан кейін «Алғашқы адымдар», «Қос Шалқар», «Үздіксіз өсу» секілді повестері  мен әйел-ана туралы әңгімелер сериясы жарық көрді.

Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Қаламгер “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді.

Ғабит Махмұтұлының алғашқы романы — “Қазақ солдаты”. 1945 жылы “Қазақ батыры” деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 жылы қайта жариялады. Бұл шығарма бүкіл қазақ әдебиетінің проза саласында II дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың санатынан лайықты орнын алған аса елеулі еңбек болды.

Қаламгердің көп ізденіс, үлкен дайындықпен келген образы — Ұлпан бейнесі. Ол күнделігінде: “Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы»,– деп жазды.

Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Пікірлер