Солтүстік Корея Жапония теңізіне қарай үш зымыран ұшырды

587
Adyrna.kz Telegram

Дүйсенбі, 18 наурыз күні таңертең Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай үш баллистикалық зымыран ұшырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Киодо агенттігіне сілтеп.

Пхеньян уақыты бойынша таңғы сағат 7:44-те екі зымыран, таңғы сағат 8:21-де бір зымыран ұшырды. Зымыран 50 км биіктікте шамамен 350 км қашықтықты ұшып өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшырудан кейін ешқандай залал болмаған.

Токио үкіметі Пхеньянның әрекетіне наразылық білдірді. Жапония премьер-министрі Фумио Кишида сол күнгі парламент отырысында КХДР халықаралық келісімдерді бұзып жатқанын және мұндай әрекеттер бүкіл әлемге қауіп төндіретінін атап өтті:

«Жапония БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын бұзатын соңғы баллистикалық зымыран ұшыруды қатаң айыптайды. (...) Солтүстік Кореяның бірқатар әрекеттері еліміздің, өңіріміздің және халықаралық қауымдастықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді және олар мүлдем қабылданбайды» деді Кишида.

Оқиғадан кейін Жапония үкіметінің өкілдері АҚШ пен Оңтүстік Кореядан келген әріптестерімен телефон арқылы үш елдің ынтымақтастығы мәселесі бойынша сөйлесті.

Зымырандар ұшырылған уақытта АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Сеулде болған. Ол АҚШ президенті Джо Байденнің бастамасымен ұйымдастырылған демократия саммитіне қатысуға барған.

Ұшыру процесі Солтүстік Кореядан келетін қауіптерді болдырмауға бағытталған жыл сайынғы «Бостандық қалқаны» ауқымды жаттығулары аяқталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды. Билік сонымен қатар Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның Сеулге соққы бере алатын артиллериялық қондырғыны тексергенін хабарлады.

Пікірлер