"Әсіре-діншілдіктен туған үрдіс". Президент киіну үрдісіне тоқталды

1218
Adyrna.kz Telegram
Сурет: iz.ru
Сурет: iz.ru
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен құрылтайда халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмағанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Президент ұлттық бірегейлікті нығайту мәселесіне тоқталып, қара жамылғандарға тоқталды.
"Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз.
Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек", - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың үшінші отырысында.
Пікірлер