Алматыда жер сілкінісінен кейін мектеп қабырғалары жарылған (ВИДЕО)

911
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №190 мектепте наурыздағы жер сілкінісінен кейін жарықтар пайда болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Редакцияға жүгінген ата-аналар табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан мектеп  ғимаратында, оның ішінде негізгі жүк көтергіш құрылымдар бойында көптеген жарықтар пайда болғанын мәлімдеді. Айтуларынша, бұл ғимарттың сейсмикалық төзімділігіне күмән келтіреді.

Олар әкімдіктен мектептің сейсмикалық төзімділігіне құрылыс-техникалық сараптама жүргізуді, сондай-ақ ғимаратты апаттық эвакуациялау есіктерімен жабдықтауды сұрайды.

Бостандық ауданы әкімдігі әкім аппараты аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, қала құрылысын бақылау бөлімінің мамандары және Бостандық аудандық білім бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып, 6 наурызда Ш.Құдайбердіұлы атындағы №190 орта мектепке барғандарын хабарлады.

«Тексеру барысында оқу кабинеттерінің қабырғаларында жарықтар анықталды, ол бойынша жұмыс тобымен визуал тексеру актісі жасалып, фото және бейнежазба жүргізілді, аралау қорытындысы бойынша оқу орындарының атына хаттар жолданды. Сапар қорытындысы бойынша, Алматы құрылыс және білім басқармаларына аталған білім нысанын сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін қарау туралы хаттар жолданды»,—деді әкімдік.

«Адырна» тілшісі мән-жайды анықтау үшін мектеп директорына хабарласты. Алайда басшы телеарна журналистерінің келіп жатқанына байланысты жауап беруге қолы тимейтінін жеткізді.

Пікірлер