"Біз өз ана тілімізді үйренейік". Мәскеудің "мұғалім жіберем" дегені желіде әжуаға айналды

8182
Adyrna.kz Telegram
Фото: preschools.ru
Фото: preschools.ru

Мәскеу Қазақстан мектептеріне мұғалім жіберуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Russkiymir.ru-ға сілтеп. 

Ресей билігі орыс тілін ілгерілету мақсатында орыс тілі және басқа да пән мұғалімдерін Қазақстан мектептеріне жіберуге дайын екенін айтты.

Алғашқы сапарын Ресейден бастаған ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектенов 4 наурыз күні Ресейдің үкімет үйінде болды.

Ресей премьерімен кездескен Олжас Бектенов гуманитарлық ынтымақтастық және Қазақстанда орыс тілін ілгерілету мәселелерін талқылады. Ресей үкіметінің басшысы екі мемлекет тығыз мәдени және гуманитарлық қатынастармен байланысты екенін атап өтті.

Одан бөлек білім саласының мамандары да жүздесті. Ресейдің Оқу-ағарту министрінің орынбасары Денис Грибов пен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаеваның кездесуінде Ресейдің Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыруға қатысты бірқатар мәселесі талқыланды.

Кездесу барысында "кәсіпқойлық" федералдық жобасын іске асырудағы ресейлік тәжірибені зерделеудің нәтижесінде кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Ресей тарапы орыс тілі мен орыс тіліндегі оқу пәндерінің мұғалімдерін Қазақстан мектептеріне жіберуді ұсынды.

Сөз соңында Михаил Мишустин қазақстандық тарапқа орыс тілін дамытып жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Алайда әлеуметтік желіде бұл жаңалықты әжуаға айналдырғандар көп. Желі қолданушылары: "Оларға ерік берсең Үкіметін де Қазақстанға көшіріп әкеледі", "Ресейдің "қамқорлығынан" шыға алмайтын болдық қой", "біз одан да өз ана тілімізді үйренейік" "Біз орыс тілін қазақ тілінен де жақсы білеміз", "Мен орыс тілі пәнінің мұғалімімін. Бірақ жұмысқа кіре алмай жүрмін. Мектепке орналасу үшін пара беру керек" деп өз пікірін жарыса жазып жатыр.

Пікірлер