Турист күнделігі: Орал

3689
Adyrna.kz Telegram

Орал – Батыс Қазақстан облысының орталығы. Ол Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. 1613 жылы негізі қаланған бұл қаланың 408 жылдық тарихы бар. Өткен ғасырларда А.С. Пушкин, М.А. Шолохов, В.А. Жуковский, В.И.Даль, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов және басқа да көптеген мәдениет және өнер қайраткері осы шаһарда қонақ болып, саяхат жасаған.

Қалаға қалай жетуге болады?

Оралға бірнеше қаладан тікелей рейспен ұшып келуге болады. Назарларыңызға наурыз айына арналған авиабилет құнын ұсынамыз.

Ақтау – Орал (26 000 - 98 000 теңге);

Алматы – Орал (38 000 – 66 000 теңге);

Астана – Орал (29 000 – 78 000 теңге).

Әуежай қала орталығынан 17 км қашықтықта орналасқан. Таксидің орташа бағасы – 2 000 теңге. Пойыз билетінің орташа құны

Алматы – Орал: плацкарт – 15 000 теңге, купе – 22 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы 2 күн, 11 сағат, 25 минутты құрайды. Ал «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызымен 1 күн, 16 сағат, 45 минутта жетесіз. Бағасы – 28 000 теңге.

Астана – Орал: плацкарт – 8 900 теңге, купе – 13 400 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн, 14 сағат, 40 мин. 

Шымкент – Орал: плацкарт – 11 400 теңге, купе – 17 125 теңге.

Ақтөбе – Орал: плацкарт – 3 200 теңге, купе – 4 800 теңге. Пойыз күн сайын жүреді.

Қала ішіндегі автобуспен жүру ақысы: ересектер үшін – 100 теңге, ал балаларға –50 теңге. Такси бағасы – 800- 1 500 теңге шамасында.

Қайда тұрақтауға болады?

Басқа ірі шаһарлармен салыстырғанда, бұл қалада пәтер жалдау ақысы әлдеқайда төмен. Бір тәулікке жалдау құны 6 мың теңгеден басталды. Ал бір бөлмелі үйді ұзақ мерзімге жалдау орташа есеппен  60 000- 80 000 теңгеге шығады.

«Пушкин» қонақүйі өңірде ерекше танымалдылыққа ие. Онда бір күн қонақтау шамамен 40 мың теңгені құрайды. Қолжетімді қонақүйлер тізіміне «Виктория», «Europa Hotel», «Tropicana Inn» кіреді. Көрікті жерлер:

Шалқар көлі. Оралдың таңғажайып маржаны қаладан 125 км қашықтықта орналасқан. Оның табиғаты ерекше: бір жағында тұзды батпақтар, екінші жағында шексіз дала, оңтүстігі мен солтүстігінде Сасай мен Сантас таулары. «Шалқар» демалыс базасында киіз үйлер бар. 1 күнге жалдау бағасы 8 000 мың теңгеден басталады.

Хан тоғайы. Бұл 200 жылдан астам уақыт бойы оралдықтардың сүйікті демалыс орнына айналған қарағайлы орман алқабы. Дәл осы жерде Жәңгір Бөкейұлын киізге көтеріп, хан етіп сайлаған еді. Тоғайда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі кездеседі. Отбасыңызбен және достарыңызбен сеуіл құрып, таза ауада демалғыңыз келсе, Хан тоғайына баруға кеңес береміз.

Жеңіс алаңы. Соғыс ардагерлеріне арналып салынған алаң Пугачев көшесінің бойында орналасқан. Жайық  өзені жағасында мәңгілік алау мен стелла бой кетерген. Мәңгілік алау жанында Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған батысқазақстандық жауынгерлердің аты-жөндері бар.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Негізі осыдан 181 жыл бұрын қаланған саябақ Шаған өзенінің жағасында орналасқан. Аумағы 24 гектарға жетеді. Бұл жерде төрт мыңнан астам ағаш өседі. Саябақтың бір бөлігі жүргіншілерге арналса, екінші бір бөлігінде көптеген аттракцион бар.

Тұңғыш Президент алаңы. Қазақстанның тұңғыш президентінің құрметіне аталған алаң 2018 жылы бой көтерді. Ол – демалуға арналған керемет орындардың бірі. Бұл жерде балалардың алаңсыз ойнауына жағдай жасалған. Жақында жүгіру алаңы іске қосылды..

Ең үздік тамақтану орындары:

«На высоте» жазғы мейрамханасы. Орташа чек – 7 000 теңге.

«Типа Граф» лаунж-бары. Орташа чек – 4 000 теңге. «Хуторок» мейрамханасы. Орташа чек – 5 000 теңге. «Маида» кафесі. Орташа чек – 3 000 теңге.

«B.for» кафесі. Орташа чек – 3 000 теңге.

Қандай мұражайларға барған жөн?

Орал – тарихи қала. Қалада мұражайлар мен көрме экспозициялары өте көп. Батыс астанасына қыдырып келсеңіз, міндетті түрде музейлерді аралап шығуға тырысыңыз. Назарларыңызға ең үздік 5 мұражайды ұсынамыз:

Пугачев мұражай үйі

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Мәншүк Мәметова атындағы мұражай-үйІ

«Старый Уральскъ» мұражайы

Ғабдолла Тоқай мұражайы.

Пікірлер