ТҰРАРБЕК ҚҰСАЙЫНОВ: «Алланың үйі » неге мемлекетке салық төлемейді? Бас мүфтидің қалтасы қашан толады?

3775
Adyrna.kz Telegram
фото: ummet.kz
фото: ummet.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ -мүфтият) жанынан құрылған «Зекет қоры» секілді қорлардағы сыбайлас жемқорлық баспасөзде әбден жазылды.

Мешітте жиналатын пітір-садақаның қайда, кімнің қалтасына түсіп жатқаны жөніндегі мәлімет те ашық емес.

Мұны қадағалауға өкімет те ниет танытпай қол қусырып қарап отыр.

Енді мешіт ішінде немесе оның ауласында орналасқан коммерциялық субъектілердің салықтан қалай жалтарып отырғанын, ҚМДБ-ның «көлеңкелі экономикасының» бір саласына тоқталайық.

Үлкен мешіттердің ішінде – асхана мен ауласында дүкендер бар. Кейбір мешіт ауласын ақылы автотұрақ қылып алған.

ҚР Салық кодексінің 517- бабы (салық төлеушілер) 3.4 тармағы бойынша мешітті иеленіп отырған діни бірлестік  салық төлеуден босатылған.

Бұл бап ешқандай коммерциямен шұғылданбайтын, ғимаратты тек Құдайға құлшылық рәсімі үшін ғана пайдалантын мешіттерге қатысты.

Ал салық кодескінің дәл осы бабының басқа тармағы бойынша, мешіттердегі асхана, дүкен, неке рәсімдеу секілді коммерциялық нарық субъектісі салық төлеуі тиіс.

Мысалы, асхана бизнесі немесе саудамен шұғылданатын кәсіпкер мешіт асханасын арендаға (жалға) алады да, табақ-аяғын, қазан-ошағын, аспаз-даяшысын алып келіп іске кіріседі.

Әрине, кәсіпкер өзінің міндеті бойынша салығын төлейді.

Ал мешіт имамы аренда-пұлды қалтасына басып қалады.

Заң бойынша, мұндай жағдайда мешітте һәм мешітке келіп түскен қаржының бақандай  30 пайызын Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының бұйрығына сәйкес алып отырған мүфтият та салық төлеуі тиіс.

Бірақ, Назарбаевтың немере інілерінің қолдауымен Бас мүфти болған Наурызбай Өтпеновтің қарамағындағы мешіт имамдарының құйтырқы ісіне мемлекеттік кірістер комитеті көз жұма қарап отыр, өкінішке орай жағдай әлі де солай...

Бас мүфтимен бірігіп дін саласын «майшелпек» қылып алған Қайрат Сатыбалды мен ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш республикадағы табысы мол мешіттердің бәріне «өз имамдарын» тағайындады.

Олар мешіт ғимаратын арендаға алып кәсіп жасап, өзіне міндетті салықты төлеп жүрген бизнесмендерді қыспаққа алды.

Атап айтқанда, аренда ақысын екі есе көбейтті, клиенттер ішкен тамағы мен сатып алған затының құнын кәсіпкерге емес, мешіт имамының каспиголдына аударатын болды.

Мұның бәрі - салық төлеуден жалтарып, мешіт маңындағы коммерциялық құрылымдардан түсетін пайданы көбейтудің қулығы деп есептеу керек.

Бұған көнбеген имамдарды «общактың жарнасын дұрыс төлемейді» деген пәтуамен қызметінен қуды.

Оның орнына келген, яғни сатыбалдылардың «айдауымен жүріп,айтқанына көнетін» имам - мешіт ғимаратын арендаға алып отырған кәсіпкерді қысымға алып, аренда құнын жөнсіз көтеріп, кәсіпкерді кетуге мәжбүрлеп, оның орнын өзінің туыстарына алып берді.

Мұның  жарқын мысалын Алматыдағы Ақсай мешітіне 1-наиб имам болған Мэлс Таған жөніндегі даулы оқиғаның видеосынан көрдік.

Былайғы жұрт мешіт ішіндегі асхана мен дүкендерден түсетін пайда мардымсыз деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Қазір мешітте құдайы тамақ, ас-кәде беру, неке қию өршіп тұр.

Бәрінің бағасы бар, бірақ одан мемлекетке бір тиын кіріс жоқ. Бұл салықтан жалтарудың бір ғана бағыты. Ал ораза кезінде бір кәсіпкер «500 адамның он күндік ауызашары менің есебімнен», екінші кәсіпкер «200 адамға 30 күн ауыз ашқызам» деп миллиондаған теңгені мешітке қарай «лақтыратыны» анық.

Бұл мешіт деңгейінде миллиондаған, ал мүфтият деңгейінде миллиардтаған есепке алынбаған,яғни бюджет кірісін айналып өтіп жатқан қаражат.

Әрине, кейбір адамдар ас кәдені тойханаларда, жамағатқа ауызашарды кафелерде береді. Ондай тойханалар мен кафелер бизнес-субъект ретінде салық төлейді.

Тура сондай коммерциялық қызмет түрін көрсеткен мешіттер неге салық төлемейді?!.. Сонда заңдылық пен әділеттілік қайда қалды?!.

Назарбаевтың немере інілерінің «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрғанда, рас, фискалды органдар мешітке маңайлай алмай,солардан жасқанған шығар.

Қазір олардың бірі түрмеде отыр, екіншісі Қаңтар оқиғасына қатысты тергеліп жатыр. «Ескі Қазақстанның» күні бітті, ескіше «по понятиям өмір сүру» келмеске кетті, қазір «Жаңа Қазақстан» - мемлекеттің заңына ғана бағынатын «Әділетті Қазақстан» құрып жатырмыз» дейді Ақорда.

Ал Бас мүфти Наурызбай Өтпенов басқаратын діни бірлестік сол баяғы сатыбалдылар құрған шырмауықтан арылудың орнына сол құйтырқы ескі жүйені одан бетер ушықтырып «дамытуда».

Мүфтияттың Қаңтар қырғыны секілді саяси оқиғаларға байланысты жауапкершілгі зерттеліп-зерделеніп, оның саяси бағасы алдағы уақытта берілетін шығар.

Бірақ көзге ұрып тұрған экономикалық заңсыздықтың жолын кесуге мемлекеттік кірістер комитеті неге ықылас танытпай отыр?

Әлде Бас мүфтидің артынан тіреп тұрған тағы біреу «Жаңа Қазақстанның» ішінде бойтасалап жүр ме?!. Олай болса, жақын арада «Әділетті Қазақстан» құру мүмкін емес қой...

Оның үстіне өкімет назарынан тыс қалған ақша экстремистерді қаржыландыруға жұмсалып кетпей ме?!

Мемлекеттке ең үлкен қауіп осы емес пе?!

 

Тұрарбек Құсайынұлы

Пікірлер