"Түскен жолың Түркістанға апарар..." «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік» жарық көрді

1491
Adyrna.kz Telegram

Шығыстану саласында қазақ тілінде зерттеулер мен сөздіктер қатарына «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік» қосылды. Сөздіктің тұсаукесер рәсімінде оның мән-маңызы жайында айтылды.

2024 жыл 27 ақпан күні Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында жарық көрген «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздіктің» тұсаукесерін өткізді.

Тұңғыш рет жарық көріп отырған «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздігіне» парсы тілінде жиі қолданылатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, сыпайылық формуласына жататын  сөз тіркестері мен ауызекі тілде жиі қолданысқа түсетін алғыс, қарғыс, қолпаштау, таңдану т.с.с. парсы тіліндегі тұрақты сөз тіркестері енген. Бұл сөздік парсы тілін үйренушілер мен ирантану саласы бойынша жұмыс істейтін  мамандарға аса қажетті көмекші оқу құралы болып табылады. «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті» құрастырғандар Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұстаздары: Айман Боранбаева, Ғани Жұмәділова және Ғалия Қамбарбекова.

- Жалпы кез-келген тілді үйренгенде сол тілде кездесетін фразеологизмдерді меңгеру аса маңызды. Себебі сөздің тұздығы да қызықты түйіні де осы фразеологизмдерде, - дейді сөздікті құрастырушылар.

Мамандар бір адамның шет тілін білетіндігін фразеологизмдерді меңгеру дәрежесіне қарап анықтауға болады деп есептейді.

Сөздікті құрастырушылардың атйуынша, «Парсыша-қазақша фразеологизмдер сөздігінің» үш түрлі атқаратын қызметі бар. Біріншіден, тіл үйренушілерге бұл – көмекші құрал. Себебі әрбір фразеологизмнің транкрипциясы мен оның тікелей аудармасы және балама аудармасы қатар берілген. Бір тіркестердің бірнеше мағынасы болса, олардың бәрі көрсетілген. Екіншіден, бұндай сөздіктің аударма жасаған кезде алатын орны ерекше. Аудармашы кейбір сөз тіркестерін білмеуі мүмкін. Сондай кездерде осы сөздікті пайдалану арқылы ұтымды аударма жасай алаты. Үшіншіден, бұндай сөздік қазақ және парсы тілінде сөйлейтін халықтың бір-бірін тануға үлкен септігін тигізеді.

- Ежелгі заманнан көршілес Тұран мен Иран арасындағы тарихи, әдеби және мәдени байланыстарды зерттеуде тұрақты сөз тіркестері ерекше орын алады. Кез-кезген фразеологизмнің өзіндік тарихы мен қолдану аясы және терең мағынасы бар. Сондықтан ұжымдық жұмыстың нәтижесі болып табылатын «Парсыша-қазақша фразеологизмдер сөздігі» Қазақстан мен Иран халқының мәдениетін, дүние-танымын және наным-сенімін зерттеуге өзіндік үлес қоса алады, - дейді оны құрастрыушылар.

«Парсыша-қазақша фразеологизмдер сөздігінің» тұсаукесеріне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Дария Көкеева, Иранның Алматы қаласындағы мәдени өкілдігінің басшысы Х. Ағазаде, ирандық оқытушы доктор Ф.Шакиба ханым, Тұран-Иран ғылыми зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей және ирантанушылар, шығыстанушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Тұсаукесер соңында «Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік» туралы зерттеушілер қызу пікір алмасты және сұрақтарға жауаптар берілді. Алдағы уақытта Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті құрастырушылар ирантану саласына қатысты монография және оқулықтар шығару жөніндегі өз  жоспарларымен бөлісті.

 

Айдос Шыңғыс

 

 

 

 

 

Пікірлер