Кенжеғараев Ноябрь: Арысты толықтай бұзып тастап, орнына жаңа қала салу керек!

1385

Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына!

 Арыс қаласын қалпына келтіруге байланысты сол қаланың тумасы ретінде бірнеше ұсыныстарымды сіздермен бөліскім келіп отыр. Өздеріңізге белгілі қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың 95 пайызы қирағаны туралы ақпарат тарап жатыр. 90-шы жылдардағы тоқыраудан кейін Арыс қаласының тозып кеткені айтпаса да түсінікті. Қала деген құр атауы болмаса, қалаға сай көркі де, инфрақұрылымы да жоқ. Қала орталығы саналатын Орталық базар аумағы ескі сүрінсіз ғимараттар мен ешқандай архитектуралық, құрылыс стандарттарына сай келмейтін жабайы құрылыстар қаланың көркін қашырып тұратын. ҚР Президенті Тоқаев мырза Арыс қаласындағы зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында "қаланы қалпына келтіреміз" деп қадап айтқанына куә болдық. Енді қала орталығында ескірген, мына жарылыстардан қираған, бүлінген ғимараттарды толықтай бұзып тастап, орнына шын мәнінде қалаға деген атқа лайықты, қалаға көрік беретін және Арыстың жаңаруының, жаңғыруының символы болатындай заманауи ғимараттардың салынып, халық игілігіне берілуін қалаймыз. Арыс қаласының орталығындағы ескі алаң және сол ескі алаңның маңындағы ғимараттар, Т.Тәжібаев көшесіндегі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған екі қабатты ескі үйлерді сүруге жіберіп, орнына жаңа зәулім заманауи тұрғын үйлер салынса, қалаға көрік беретін еді. Қазір оңтүстік өңірінде Түркістан қаласын дамыту, көркейту мемлекеттік деңгейде қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылып жатқаны белгілі, дегенмен мегополис Шымкент пен облыс орталығы Түркістанның жанында, арасында тұрып, Арыс қаласының тозығы жетіп, сиқы қашып, құлдырауы, ешқандай эстетикаға сай келмейтін жабайы құрылыстар мекеніне айналуы әділетсіз деп есептейміз. Сондықтан Үкіметтен мына төтенше жағдайдан кейін "Арыс қаласын дамыту және жаңғырту жөнінде" Бағдарлама не жоба қабылдап, оның Үкіметте, Парламентте бекітіліп, атқарушы билік тарапынан іске асырылуын сұраймыз.

 

 

Кенжеғараев Ноябрь

"Адырна" ұлттық порталы


 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket