“Жол азабын жүрген білер”. Жүргізушілер “ҚазАвтоЖолдың” жұмысына шағымданды

1211
Adyrna.kz Telegram
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Көлік жүргізушілері "ҚазАвтоЖолдың” жұмысы сапасыз екендігін айтып, премьер-министрге шағымданды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.

Биылғы қыстың суығы мен қалың қардың әсерінен тас жолдар дұрыс тазаланбаған, салдарынан жол қозғалысы қиындаған. Осы себепті көлік жүргізушілері “ҚазАвтоЖолдың” жұмысы сапасыз екендігін айтып, премьер-министрге шағым түсірген.

«Жолға қызмет көрсету деңгейі өте төмен. Жолдарды тазаламайды. Нашар жол бөліктеріне арнайы техника бармайды. Жол жапқанды ғана біледі. Содан ұзын-сонар кептеліс пайда болады. Қар құрсауында қалған тасымалдаушылар апталап жолда тұр, бұл жүргізушілер өміріне қауіпті, әрі жанармай көп кетеді, зат діттеген жеріне кешігіп жетеді. Оның үстіне жолда қалғандар қажет өнімдерді өте қымбат сатып алады, мысалы, нан – 1000 теңге, су – 1500 теңге», – делінген Халықаралық автотасымалдаушылар одағының (ҚазАТО) мүшелері премьер-министр мен көлік министріне жолдаған үндеуінде.

Ал "ҚазАвтоЖолдың" айтуынша, Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Қайнар және Аспара кенттері арасындағы жолда ақаулар пайда болған. Аталған учаскеде ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап жабын мен бетонның қорғаныш қабатының бұзылуы, сондай-ақ бойлық және көлденең тігістер бойында шұңқырлар пайда болған. Мұның бәрі қардың көп түсуі мен ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты. Жолшылар ауа-райы реттелгенде жолдарды жөндеу жұмыстарын бастайтындарын айтып, уәде берді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер