Оқушыны қағып өлтірген әкім шартты жазаға кесілді

811
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

2023 жылдың қараша айында 9-сынып оқушысы Асыл Тұрсынбайды абайсызда мерт қылған Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова шартты жазаға кесілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТагқа сілтеме жасап.

"Сот Бақтиярованы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныған болатын. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысына шын жүректен өкінген, сондай-ақ ол бұған дейін қылмыстық құқық бұзушылық жасамаған. Оның моральдық және материалдық залалды өтеу сияқты кінәні жеңілдететін мән-жайларын, сондай-ақ асырауында кәмелетке толмаған бес баласының жалғыз асыраушысы екендігін ескере отырып, одан бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау туралы тиісті өтініш келіп түскен, ал сот ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып айыпталушыны екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны шартты түрде тағайындады", - деп хабарлады облыс сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, шенеунік бес жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады.

"2023 жылғы 2 қарашада кешкі сағат 8 шамасында Ескелді ауданы Биғаш ауылының Боранбаев көшесінде автокөлікті басқарған сотталушы Бақтиярова көшені кесіп өтпек болған кәмелет жасына толмаған Т. - ны қағып, мерт қылды. Алған жарақаттарының салдарынен кәмелетке толмаған жәбірленуші сол жерде қайтыс болды", - деп нақтылады сотта.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер