АҚШ жақын арада Иранға тағы да санкция салады. Оған елдің Ресей Федерациясымен орнатқан әскери ынтымақтастығы түрткі болып отыр. Бұл туралы Ақ үйдегі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.
«Алдағы күндері Иранға қарсы қосымша санкция енгіземіз. Егер Тегеран Мәскеуге баллистикалық зымырандар сатамын деген шешім қабылдаса, біз«тез» әрі «қатаң» жауап қайтаратын боламыз»,—деді ол.
Ақ үй өкілі Иран Ресейге тегіннен-тегін көмектесіп отқан жоқ деп санайды. Оның пікірінше, дәл осы қолдау үшін Ресей Тегеранға қорғаныс саласында бұрын - соңды болмаған ынтымақтастықты ұсынады. Сондай-ақ Кирби «Иран Ресейден миллиардтаған долларлық әскери техниканы алғысы келеді» деген болжам жасады.
Айта кетейік, бұған дейін Иранның қорғаныс министрлігі Ресеймен әскери қарым-қатынастың «Украинадағы соғысқа ешқандай қатысы жоқ» екенін айтқан еді.