"Кек қайтару". Израиль Иранға соққы берді

1229
Adyrna.kz Telegram
Фото: zakon.kz
Фото: zakon.kz

Израильдің Иранға қарсы соққысы үш толқынды шабуылмен аяқталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

CNN мәліметінше, сенбі күні Израиль шабуыл жасаған кезде Иранда таң жаңа атып келе жатқан. Дегенмен, шабуылдың нақты мақсаты мен келтірілген залалдың көлемі әлі де белгісіз күйде қалуда.

Кейін Израиль әскери күштері Ирандағы әскери нысандарға «нақты және мақсатты» әуе соққылары жасалғанын мәлімдеді. Израиль қорғаныс күштерінің мәлімдемесінде:

«Біз жауап соққы жасадық, миссия сәтті орындалды. Біздің ұшақтарымыз аман-есен оралды», – делінген.

Бұл соққылар Израиль қарулы күштерінің мәлімдеуінше, Иран режимінің Израильге бірнеше ай бойы жасаған үздіксіз шабуылдарына жауап ретінде іске асырылды. Бұл тұста, әсіресе,  қазан айының басында Иранның Израильді 180 зымыранмен төмпештеуі назарға алынған.

«Иран режимінің Израиль мемлекетіне үздіксіз жасалған шабуылдарына жауап ретінде Израиль қорғаныс күштері Ирандағы әскери нысандарға нақты соққылар жасады», – делінген ресми хабарламада.

Аталған операция Иран мен Израиль арасындағы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан шиеленісті одан әрі өршітіп, Таяу Шығыс аймағындағы тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіруде.

Екі тараптың да әскери қақтығыстарға дайын екендігін байқатқан бұл жағдай аймақтағы геосаяси жағдайды күрделендіре түсті.

«Ислам Республикасының шенеуніктері қылмыстық және заңсыз Израильдік режимді кез келген авантюристік әрекеттен аулақ болуға алдын ала ескерткен. Бірақ бүгін таңертең бұл жалған режим Тегеран, Хузестан және Илам провинцияларындағы әскери орталықтарға шабуыл жасады», – делінген Иран мемлекетінің мәлімдемесінде.

ИРНА дерегінде бұл шабуыл елдің әуе қорғаныс жүйесі арқылы сәтті тосылып, тойтарылғаны айтылған.

«Кейбір аймақтарда аздаған залал келтірілген. Оқиғаның ауқымы әлі де тексерілуде», – делінген құжатта.

Пікірлер