330 миллион теңге жымқырылған. Алматыда балалар құқығын қорғау ісін зерттеу барысында 10 қылмыстық факті әшкереленді

1049
Adyrna.kz Telegram

Алматыда балалар құқықтарын бұзу фактілері бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде 10 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жүргізілген тексерулер балалардың қауіпсіздігі саласында қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетті. Оған ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жарты мыңнан астам бұзушылықтар, балаларды тасымалдау және білім беру мекемелерін қорғау ережелерінің, санитарлық және өртке қарсы нормалардың бұзылуы, сондай-ақ оқушылар арасында буллинг фактілерінің анықталуы дәлел. Тексерулер нәтижесінде 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, шамамен 60 млн. теңге өтелді, 67 қадағалау актісі енгізілді және 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген сәрсенбі күні таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында, оның ішінде оқушылар арасындағы  буллингке қатысты, оқушылар немесе олардың ата-аналарына онлайн режимде қалалық прокуратураға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін "QR-код" әзірленді.

«Мектеп психологтарының біліктілігін арттыру мақсатында қала прокуратурасы "NGS" Жаңа Буын Мектебі алаңында мемлекеттік мектептердегі барлық психологтардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың және білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырды. Сонымен қатар прокурорлар 330 млн. теңгеден астам сомаға бюджет қаражаты ұрланғанын анықтады», - делінген хабарламада.

Осындай ұрлық фактілерін Медеу, Алмалы, Түрксіб және Алатау аудандарының прокурорлары да ашты. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Пікірлер