Ұлытау облысында патронат ата-ана шамамен 5 жыл бойы асырап алған үш баланы ұрып-соғып, шаруаға жегіп қойған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органдары бұл фактіні ақпан айының басында анықтаған.
2018 жылы патронаттық тәрбиешілер балалар үйінен бір отбасынан үш баланы – бір қыз және екі ұлды алып кеткен. Ол кезде балалар 8 бен 14 жас аралығында болатын. Анықталғандай, асырап алушылар осы уақыт бойы балаларды дұрыс тамақтандырмай, ұрып-соғып, шаруашылыққа мәжбүрлеген.
«Шаруашылыққа келген комиссия мүшелері балалардың тұрмыс жағдайынан шошып кетті. Олардың денесі көгерген, тыртықтары бар, арық, шаршаған, аш, әбден кірлеген, үстеріне шүберек ілген. Осы жылдар бойы қамқоршы балаларды қорлап келген – ұрып-соғып, азаптап, 5 жыл бойы құлдықта ұстап, сондай-ақ балалардың жәрдемақысын алып отырған», - деп жеткізді Зәкиева.
Сонымен қатар балалардың іс жүзінде оқымағаны да анықталды.
"Қамқоршы тұлға қыз баланы егер ол жұмыс жасамаса немесе шағымданса, енді бауырларын көрсетпеймін деп қорқытқан. Онымен қоймай, жақында ол әлі де патронатқа алуға болатын балалар бар ма деп қызығушылық білдірген", — деді ол.
Құқық қорғау органдары бұл мәселе бойынша қылмыстық істі тіркеді. Закиева бүгінде балалар бірге және қауіпсіздікте екенін мәлімдеді.
“Адырна” ұлттық порталы