Қош бол, Орынбор!

1572
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 99 жыл бұрын 1925 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілген болатын.

1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АКСР ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. 

Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР» атауын «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданды. 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты.

Кейін Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді желеу еткен Ф.И. Голощекин басқарған БК(б)П Қазақ өлкелік комитетті ел астанасын Қызылордадан орысы басым Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты. 1927 жылы 3 наурызда Қазақстан астанасын Алматыға көшіру жөнінде Қазақ АКСР-і ОАК мен республика ХКК-нің қаулысы жарияланды.

Пікірлер