Щучинск қаласының атын Абылай хан деп өзгерту туралы сөз қозғалып жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақмола облысы әкімдігінде өткен брифингте журналистер марқұм құрметті тарихшының көптен бері айтылып жүрген Щучинск қаласының атын Абылай хан деп өзгерту туралы ұсынысын сұрап білді.
«Бұл мәселе жан-жақты талқыланып, қоғамдық тыңдаулардан кейін – бір адамның емес, халықтың көпшілігінің пікірін ескергеннен кейін шешілу керек. Сосын барып тиісті бастама мәслихатқа жіберіліп, шешім қабылданады. Ал, негізі, күн тәртібінде елді мекендердің атауларын өзгертуге қатысты мұндай мәселелер жоқ», - деп түсіндірді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Бұл бастаманы 2013 жылы көтерген тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қадыржан Әбуев болатын.
«50 жыл бойы хан Абылайдың штабы Бурабай трактінде болды. Биыл 2013 жылы оның туғанына 300 жыл толады, осыған байланысты Щучинск қаласын Абылай хан қаласы деп өзгерту туралы ұсыныс жасап отырмын», – деп жазған еді тарих ғылымдарының докторы.
Бұл мәселеге арқау болған тарихи факт – Бурабай курорты қазақ ханы Абылайдың ресми орны болған.
“Адырна” ұлттық порталы