Белгілі шығыстанушы Клара Хафизова қазақ ханы Абылайдың Жошы ханның ұрпағы болмағанын, яғни оның төре тұқымынан шықпағанын мәлімдеді. Бұл туралы «Курсив» басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Елу жыл зерттеп, Абылай ханның елу жұмбағын да шеше алмадым. Жыл сайын жұмбақ көбейіп жатыр», - дейді тарих ғылымының докторы.
Ғалым бұл пікірін бірнеше дерекпен дәлелдейді. Оның айтуынша, Абылай хан «хантапалай» дәстүрін сақтамаған, яғни өзіне тарту етілген сыйлықтарды жұртқа үлестірмеген. Сондай-ақ, тұтқынға түскенде, төре әулетінің дағдысына сай өзін өлтіруді талап етудің орнына, қарапайым тұтқындар секілді түрмеге қамауды сұраған.
«Абылай ханның бір шикілігі бар. Менің зерттеуім бойынша, ол Жошы ханның ұрпағы емес. Мұны айтсақ, кейбір адамдар маған ренжиді. Бұған мен қатты таңғаламын. Қазақ тарихында ондай билеушілер болды. Өз күші, қарым-қабілетіне қарай, сұлтандардың қолдауымен көтерілген адамдар болды. Абылай хан – солардың бірі», – дейді ғалым.
Дегенмен, зерттеуші Абылай ханның көреген саясаткер, жағдайды тез бағамдай алатын ақылды тұлға болғанын атап өтті. Ғалымның айтуынша, оның қайшылыққа толы болмысын әлі де тереңірек зерттеу қажет.
«Әбілмәмбет осындай дипломатиялық сыйлық алса, «ханталапай» жасайды. Яғни бәрін ежелгі дәстүр бойынша халыққа үлестіріп береді. Ал Абылай хан сыйлықтарын жасырып, ешкімге бермеген. Осындай ақсүйекке ұқсамайтын қасиеттері көп. Сауда жасаған, дүние-мүліктің құнын білетін халықтардың өкілін еске түсіреді. Ал қазақ ондай болмаған», – деп тұжырым жасайды тарихшы.
Ол Абылайдың хан әулетіне тән емес әрекеттерін мысалға келтірді.
«Мұнысы да хан әулетіне тән емес. Тіпті қазақтың мінезіне ұқсамайды. Хан тұқымы ақсүйек ретінде өздерін ұдайы абыройын бәрінен биік қояды. Абылай хан болса, керек кезінде иіле салатын. Бірақ онысы ұзақ уақытқа созылмайтын. Қазақ ханының өкілдеріне өзінің зынданда жатқанын көрсеткісі келді», – дейді Клара Хафизова.
Бұл мәлімдеме қоғамда және тарихшылар арасында қызу пікірталас туғызып жатыр.